Павлодарлық тілші республикалық байқаудың жүлдегері атанды

Павлодарлық тілші республикалық байқаудың жүлдегері атанды
Фото: Астана қаласының Достық үйі

Салтанатты шарада байқау жеңімпаздары диплом және ақшалай сыйлықтармен марапатталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Астана қаласының Достық үйінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен Қазақстан халқы Ассамблеясының этножурналистика саласындағы «Шаңырақ» республикалық шығармашылық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

– Байқау 2013 жылдан бастап дәстүрлі түрде өткізілуде. Байқау дарынды журналистерді анықтап, олардың қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтуға және қазақстандық этножурналистика саласын дамытуға қосқан елеулі үлестері үшін ынталандыру мақсатында өткізілді,– дейді «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің басшысы Элина Масагутова.

Байқау барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін, жобаларын жариялап, беделін арттыратын, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуда мемлекеттік саясатты кеңінен насихаттайтын және мемлекеттік тілдің қызмет аясын кеңейтуге бағытталған үздік авторлар іріктелді.

Аталмыш байқауға әріптесіміз, «Pavlodarnews.kz» ақпараттық агенттігінің шығарушы-редакторы Ақбота Сейсенбаева үздіктердің қатарына еніп, жүлделі үшінші орынды иеленді. Ақбота Сейсенбаева - журналистика саласында 17 жыл шамасында қызмет атқарып келеді. Ол бұған дейін Ақсу қалалық «Ақжол» газетінде 5 жыл жұмыс істеп, кейін «Pavlodarnews.kz» ақпараттық агенттігіне келген. Бүгінгі таңда оның редакциямызда жұмыс істеп келе жатқанына 12 жылдың жүзі болды.

Айта кету керек, байқау барысында барлығы 65 өтініш келіп түсті. Ал қабылданған материалдар саны - 300-ге жуық.