Аққулы ауданында қысқа жем-шөп қоры жеткілікті
Ауданда бір тонна шөптің бағасы 20 мың теңгеден аспайтын, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Аққулы ауданының әкімі Руслан Мұқанов мәлім етті.
– Жем-шөп дайындау 98 пайызға аяқталып, шығымдылық гектарына 12 центнерді құрап отыр. Жайылымда шөптің 80 пайызы шабылды, 76 мың тонна жиналды. Егін жеткілікті. Қалыпты қыс мезгіліне жететініне сенімдімін, – дейді Руслан Мұқанов.
Оның айтуынша, аудандық жұмыс тобы шілде айынан бері егістік алқаптарын зерттеп, қуаңшылыққа бейім аймақтарды анықтаған. Ең көп зардап шеккен аумақ 1290 гектар болса, 793 гектары – дәнді дақылдар, 764 гектары – майлы дақылдар, 400 гектары – көпжылдық шөптер
Естеріңізге сала кетейік, Ертістегі су деңгейінің төмен болуына байланысты жайылым су тапшылығына тап болған. Облыс бойынша көбінесе Май, Павлодар, Аққулы аудандары зардап шеккен.
Сонымен қатар, әкім конференция барысында Қарақала мен Қазы ауылдарының арасындағы жол мәселесі жайлы сөз қозғады. Жыл аяғына дейін салынбай қалған қашықтықтың 7,5 шақырымы салынатын болады.