Павлодарлық төрт жасар бүлдіршін Минскте жеңімпаз атанды

Павлодарлық төрт жасар бүлдіршін Минскте жеңімпаз атанды
Фото: Павлодар қалалық білім беру бөлімі

Минск қаласында «Дружат дети на планете» IX ашық халықаралық балалар сурет байқауы өтті, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Беларуссияда «Дружат дети на планете» халықаралық байқауы 2006 жылдан бері өткізіліп келеді. Ұйымдастырушы Беларусь Республикасы білім беру министрлігінің ұлттық көркем шығармашылық орталығы болып табылады. 

Байқауға әлемнің жиырма жеті елінен – Әзербайжан, Армения, Беларусь, Болгария, Вьетнам, Грузия, Иран, Италия, Қазақстан, Камбоджа, Катар, Қырғызстан, Латвия, Молдова, Мьянма, Пәкістан, Ресей, Румыния, Сербия, Америка, Сирия, Тәжікстан, Тайланд, Түркіменстан, Өзбекстан, Франция, Чехиядан он мыңнан астам жас дарынды бала қатысты. Оның ішінде Павлодар қаласының балалар көркемсурет мектебі -  ЮНЕСКО клубының 10 оқушысы өз жұмыстарын жолдады. 

Павлодарлық қатысушылар өз суреттерінде бақытты балалық шақ, өз армандары, достық туралы бейнеледі. Байқау қорытындысы бойынша үш оқушы жүлделі орындарға ие болып,  дипломдармен марапатталды.

I орынды «Бағдарламаны аяқтау – шпагат» жұмысы үшін төрт жасар Мария Волик,  II орынды «Каратэ» жұмысы үшін – тоғыз жасар Алиса Курапова иеленді иеленді. Педагогтары – Инна Масленникова. Сегіз жасар Вероника Балабовка «Біздің команданы қолдаймыз» жұмысы үшін дипломмен марапатталды. Жетекшісі – Гүлнар Мұхаметкалина.