«Самұрық-Қазына» қоры Павлодар облысындағы бірнеше мектепке ерекше сый жасады

«Самұрық-Қазына» қоры Павлодар облысындағы бірнеше мектепке ерекше сый жасады

Қор өңірдегі 7 мамандандырылған мектеп-интернатына спорттық құрал жабдықтар табыстауды бастады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар облысындағы жеті мамандандырылған мектеп-интернаттары жаңа спорттық құрал жабдықтарымен жаңартылуда. Оның алғашқысы бүгін Павлодар облысындағы №1, №3 және №4 мектеп-интернаттарына жеткізілді. Ал қалған 4 арнайы оқу орындары қазан айының ортасына дейін алатын болады. 

Футбол, волейбол, баскетбол доптары, үстел теннисі, швед қабырғасы және тағы да басқа жаңа жабдықтарға ие болған мекеме басшылығы қуаныштарын жеткізді. 

Олардың айтуынша, интернаттардағы жабдықтар бүгінде ескірген. 

- Бүгін жаңа спорттық жабдықтарға ие болып отырмыз. Бұл жабдықтар ерекше балалардың денелерінің шынығып, денсаулықтарының нығаюына орасан зор көмек беретініне сенімдіміз. Әрбір ерекше балаға көрсетілген сый құрмет, шынайы көңіл, бала жүрегінде қуаныш сезімін ұялататыны сөзсіз, - деді Павлодар облыстық №1 арнайы мектеп-иниернатының директоры Нұрсәуле Төлемісова. 

Айта кету керек, бұл «Самұрық қазына» қоры атынан бірыңғай қайырымдылық операторы «Samruk-Kazyna Trust» қорының бастамашыл жобасы аясында ұйымдастырылған игі шарасы. Дәл осындай спорттық жабдықтар Астана қаласы мен Атырау, Ақтөбе, Ақмола облыстарындағы 15 мамандандырылған мектеп-интернатына берілді. 

Жалпы бұл қайырымыдылық шара негізінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар халықтың осал топтарынан шыққан, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, өмірлік қиын жағдайға тап болған, ақыл-ойы, сөйлеуі, есту қабілеті бұзылған және психикалық дамуы тежелген мектеп-интернатындағы 2 000-нан астам оқушы жаңа спорттық құрал-жабдықтарда шынығатын болады.