Павлодарда өткен республикалық олимпиада өз мәресіне жетті
Химия және биология пәндері бойынша өткен білім додасына еліміздің әр өңірінен 300-ден астам оқушы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық білім беру басқармасының мәлімдеуінше, дарындылар додасына еліміздің әр өңірінен 316 оқушы қатысып, жоғары дайындықтары мен қабілеттерін көрсете білді. 145 оқушы жүлдегер атанып, олар 71 қола, 45 күміс және 29 алтын жүлдені ұтып алды.
Марапаттау рәсіміне Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айзада Құрманова, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Ғаждембек Тұрсынов, Павлодар облысы білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазина және облысымыздың мамандандырылған мектептерінің басшылары мен құрметті қонақтар қатысты.
- Білім берудің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, сондай-ақ ғылыми-зерттеу қызметін дамыту мемлекеттік стратегияның негізгі мақсаты болып табылады. Сіздердің олимпиадаға қатысуларыңыз бен білімге деген құштарлықтарыңыз біздің еліміздің білім саласын күннен-күнге кемелдендіре, нығайта түсетініне сеніміміз мол. Олимпиаданың барлық жеңімпаздарын Павлодар облысы әкімінің атынан және жеке өз атымнан құттықтаймын. Бұл жеңіс сіздер үшін жаңа бастама мен бұдан да биік белестерге жетуге ынталандыру болсын. Сіздердің талантыңыз бен білімге деген құштарлығыңызды ел болып, мақтан тұтамыз, - деді Айзада Амангелдіқызы.
Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарының жас биолог-химиктері – Тамерлан Кенжебекұлы, Әлфараби Көлбай және Нұрсұлтан Тұрмағамбетке жоғары оқу орындарының білім гранттары табысталды.
Жаратылыстану-математикалық бағыттағы республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша «Олимпиаданың ең жас қатысушысы» номинациясымен Нұрәлі Шаймерден (Ақмола облысының 8-сынып оқушысы) марапатталды. Ал, «Ең үздік ауыл оқушысы» номинациясы дипломдарын Максим Комаров пен Владислав Иванов (Павлодар облысы) иеленді.
«Үздік олимпиадалық команда» номинациясы бойынша үшінші орын Шығыс Қазақстан, Қызылорда және Жамбыл облыстары командаларына берілді. Екінші орынды Астана мен Алматы командалары иеленді. Бірінші орын Павлодар облысы және «РФММ» КеАҚ құрама командаларына бұйырды. Ал, БАС ЖҮЛДЕ «Назарбаев Зияткерлік мектептері» командасына тиесілі. Олар алты пән бойынша жалпы саны 63 жүлде жеңіп алды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттаумен қатар, «Олимп шыңына жетелеуші» номинациясы дипломдарымен марапатталған педагог-тәлімгерлердің, олимпиадалық командалар жаттықтырушыларының және қазылар алқасы мүшелерінің қосқан үлесі зор.
Айта кетелік, өңіріміздің ұстаздары олимпиадаға келген оқушыларға психологиялық тренингтер, тарихи ескерткіштер мен мұражайларға мәдени-танымдық экскурсиялар мен ойын-сауық шараларын ұйымдастырды. Олимпиада барысында алғаш рет олимпиада жаттықтырушыларына арналған оқу-әдістемелік семинарлар өткізіледі.