Павлодарлық студенттер Қытайда білім алуға мүмкіндік алды

Павлодарлық студенттер Қытайда білім алуға мүмкіндік алды
Фото: білім басқармасынан

Осылайша, олар Қазақстан мен Қытайдың қос дипломына қол жеткізеді,  деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодардағы ақпараттық технологиялар жоғары колледжі Қытайдың Ухань бағдарламалық қамтамасыз ету және инженерия кәсіптік колледжімен бірлескен қос дипломды білім беру бағдарламасын іске қосады. Жоба аясында студенттер Қазақстан мен Қытайдың дипломдарын қатар алуға мүмкіндік алады.

Қос дипломды бағдарлама «Бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша жүзеге асырылады. Оқу барысында студенттер жасанды интеллект, машиналық оқыту, деректерді талдау, DevOps және интеллектуалдық бағдарламалық жүйелер бағыттарында білім алады.

Бағдарлама Қазақстанның оқу-ағарту министрлігінің техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің қолдауымен жүзеге асырылады. Оны іске қосу үшін министрліктің эксперимент жүргізу туралы тиісті бұйрығы дайындалады.

Жобаның ерекшелігі – білім алушылардың теориялық даярлықпен қатар практикалық дағдыларды меңгеруіне басымдық берілуі. Бағдарламаның 60%-ға дейінгі бөлігін практикалық сабақтар құрайды. Студенттер зертханалық жұмыстар орындап, бірлескен жобаларға қатысады, Қытайлық колледж оқытушыларымен жұмыс істейді және тағылымдамадан өте алады.

Оқу сабақтары күндізгі және онлайн форматта ұйымдастырылмақ. Бағдарламаның бір бөлігі Павлодарда, екінші бөлігі Қытайда өткізіледі. Оқыту ағылшын тілінде жүргізіледі. Ал тілдік даярлығы жеткіліксіз студенттерге қосымша оқыту мүмкіндігі қарастырылады.

Алғашқы студенттерді қабылдау 2027-2028 оқу жылына жоспарланып отыр. Қазір тараптар білім беру бағдарламасын іске асыру тетіктерін пысықтап жатыр.

Келісімге Қытайдың Ухань қаласында өткен Білім мен өнеркәсіп интеграциясын дамыту стратегиясы жөніндегі XIII халықаралық форум аясында қол қойылды.

Жаңа бағдарлама Павлодар облысының IT саласына қажетті мамандар даярлауды халықаралық деңгейге шығаруға бағытталған. Сонымен қатар, тараптар алдағы уақытта Павлодарда халықаралық жасанды интеллект зертханасын құру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Мұнда екі елдің оқытушылары, студенттері мен жоғары технологиялық компаниялары бірлескен білім беру және зерттеу жобаларын жүзеге асыра алады.

Айта кетейік, Павлодардың Ақпараттық технологиялар жоғары колледжі Қытайдың білім беру ұйымдарымен бірнеше жылдан бері ынтымақтастық орнатып келеді. Бұған дейін колледждің төрт педагогі Ухань қаласында білім алып, тағылымдамадан өткен.