Павлодарлық ұстаздарды республикалық байқауда бақ сынауға шақырады
«Мектепке дейінгі ұйымның үздік педагогы – 2025» кәсіби республикалық конкурсы ұйымдастырылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Білім беру бөлімінің мәліметінше, Павлодар қаласының білім беру бөлімі әдістемелік кабинетінің 2025 жылға арналған жоспарына сәйкес ағымдағы жылдың 1 ақпаны мен 7 наурызы аралығында «Мектепке дейінгі ұйымның үздік педагогы – 2025» республикалық конкурсының жыл сайынғы қалалық кезеңі өтеді.
Байқау екі турда өткізіледі. 2025 жылдың ақпан айында «Педагогикалық портфолио» I іріктеу туры аясында конкурстық материалдарға сараптама жүргізіледі. «Педагогикалық ізденіс» II турында практикалық қызмет процесінде конкурсанттардың кәсіби құзыреттілігін бағалау мақсатында шеберлік сағаттары өткізіледі.
– Балалармен ұйымдастырылған іс-шаралар конкурс ұйымдастыру комитеті көрсеткен тақырып бойынша конкурсқа қатысушы таңдаған жас санаты бар қалалық мектепке дейінгі ұйымның базасында өткізіледі, – дейді ұйымдастырушылар.
Аталмыш жарыс мектепке дейінгі ұйым педагогінің оң имиджін қалыптастыру, тиімді педагогикалық тәжірибені анықтау және тарату, мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеу мен оқытудағы инновациялық қызметті ынталандыруға бағытталған.
Конкурс қорытындысы бойынша төрт жеңімпаз анықталады: гран-при және әрбір «Креативті педагог», «Шығармашыл педагог», «Мамандыққа адалдық» номинацияларында бір жеңімпаз болады.
Байқау жеңімпаздары мен лауреаттарын марапаттау рәсімі Мұғалімдер күніне арналған қалалық мереке аясында өтеді.