Павлодарда «гүрілдеген» автокөліктердің жүргізушілері жазаланды
Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері кезекті рейд жүргізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, генерал Дүйсенов көшесінде орналасқан үйдің ауласында «Лада» автокөлігінің жүргізушісі өте шулы көлікпен жүрген. Бұған қоса, жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлері бар машинаны басқарған. Аталмыш бұзушылықтар үшін жүргізушіге 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды, ал жалған нөмір үшін материал сотқа жіберілді.
Сондай-ақ, Астана көшесінде Lada Priora маркалы автокөлікті басқарған жүргізуші тоқтатылды. Мерзімі тоқтатылған жүргізуші куәлігін қолданғаны үшін 35 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Қазіргі таңда автомашина арнайы тұраққа қойылды.
– Көбінесе жүргізушілер осы модельдегі машиналарға өндіруші қарастырмаған газ шығаратын құрылғы орнатады. Тиісінше, олар шу шығаруы мүмкін. Сондықтан мұндай жүйе болмауы керек. Гүрілдеген көліктердің барлық жүргізушілеріне айыппұлдан басқа, бұзушылықты жою туралы талап қойылады, мемлекеттік нөмірлер алынады, – дейді Павлодар қаласы патрульдік полиция батальоны взвод командирінің міндетін атқарушы Жәнібек Шәкіров.
Оның айтуынша, айыппұлды төлегеннен кейін жүргізуші қатты дыбысы шыққан құбырды стандартты жүйемен ауыстырғанын көрсетуі қажет. Содан кейін ғана мемлекеттік нөмірлер қайтарылады.
Павлодарлық полицейлер автокөлікті заңсыз түрлендіруге болмайды, себебі, бұл үшін еліміздің қолданыстағы заңнамасы шеңберінде жауапкершілік көзделгенін еске салады.
Айта кету керек, ағымдағы жылы 404 жүргізуші газ шығару жүйесіне резонаторларды заңсыз орнатқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.