Павлодарлық әскерилер Президенттік көпсайыстан чемпион атанды
Жарыстың салтанатты ашылу рәсімі Өскеменде 3477 әскери бөлімі базасында әскери оркестрдің сүйемелдеуімен өтті, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің мәліметінше, спартакиадаға ШҚО, Абай облысы және Павлодар облыстарынан келген 7 команда, 40-қа жуық спортшы қатысты. Спартакиаданың спорттық бағдарламасы ауқымды әртүрлі сайыстарға толы болды. Сайыс барысында қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай өзара төрт топқа бөлінді.
– Бұл жолы біздің бөлімде Президенттік көпсайыс спартакиадасы жас топтарына сай алғаш рет өткізілді. Спортшы-жауынгерлер ұрыс қаруынан мергендік қабілеттерін сынап, еркін жүзуден, жақын әрі қашықтыққа жүгіруден өзара жүйріктерді анықтады. Сондай-ақ алыс қашықтыққа граната лақтырудан бақ сынады. Барлық қатысушылар өздерінің дене дайындықтары арқылы нағыз күрескерлік рухтарын көрсете білді, – дейді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының дене дайындығы және спорт бастығы, подполковник Бауыржан Дарыбаев.
Чемпионаттың жеке біріншілігінде 30 жасқа дейінгі спортшылар арасында бас жүлдені Өскемен қаласындағы 6699 әскери бөлімінің спортшысы, кіші сержант Ербол Сембай қанжығасына байласа, 35 жасқа дейінгі спортшылар арасында Курчатов қаласындағы 3514 әскери бөлімінің капитаны Абылайхан Сағынтаев чемпион атағына лайық деп танылды.
Ал 40 жасқа дейінгі жауынгер-спортшылар арасында Павлодардағы 5512 әскери бөлімінің 3-сынып сержанты Таймас Асанбаев чемпион атанды.
Командалық есепте павлодарлық 5512 әскери бөлімінің құрама командасы 1-орынды жеңіп алды. Курчатов қаласындағы 3514 әскери бөлімінің құрама командасы жүлделі 2-орынды, Өскемендегі 6699 әскери бөлімінің құрама командасы 3-орынды иеленді.
Жеңімпаздарға арнайы кубоктартар табысталып, грамоталармен марапатталды.