Павлодарлықтар туған жерінің тазалығына ден қоя бастады

Павлодарлықтар туған жерінің тазалығына ден қоя бастады
Фото: Константин Шелков

«Таза Қазақстан» ұлттық жоспарының орындалу барысы туралы Президентке апта сайын баяндалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев Павлодар облысына жұмыс сапары барысында мәлім еткендей, өңір тұрғындары @TazaQazBot Telegram чат-ботында белсенділік арттырды.

 – Өткен жылы біз бұл чат-ботты іске қостық, онда ел тұрғындары абаттандыруға қатысты сұрақтарымен хабарласа алады. Біз әр бейсенбі сайын  Президент әкімшілігіне қазақстандықтардың өтініштерінің жай-күйі туралы есеп береміз. Бір жыл өтті, оның тиімділігін көріп отырмыз, ілгерілеушілік бар, - деді министрдің орынбасары.

Оның айтуынша, Павлодар облысының тұрғындарының белсенділігі айтарлықтай артқан. Өткен жылы чат-ботқа небәрі 26 сұраныс түссе, 2025 жылдың басынан бері павлодарлықтар порталға 300 өтініш жолдап, оның 259-ы өңделген.

Қазақстандықтар өз қалалары мен ауылдарының тазалығын сақтауға, табиғатты қорғауға шақырылады. Жолдардың, саябақтардың, кіреберістердің, жарықтандырудың және көгалдандырудың жай-күйіне қатысты кез келген мәселені чат-ботқа хабарлауға болады.

Олқы тұстарды байқасаңыз, араны суретке түсіріп, Telegram ботына нақты мекенжай мен мәселенің сипаттамасы бар хабарлама жіберіңіз.

Сұраныс түрінде берілген барлық ақпаратты жергілікті атқарушы орган операторға жібереді, оны жіктейді және мердігерді тағайындайды. Кері байланыс беріледі: олар сұраудан кейін не істегенін хабарлауы және фотосуретті тіркеуі керек. Өтініш беруші жұмыстың сапасын бағалай алады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында «Таза Қазақстан» жобасының бірлескен күш-жігерінің арқасында өткен жылдан бері жұрт болып жұмылудың арқасында 860 мың гектардан астам аумақ тазаланды, төрт миллионнан астам ағаш отырғызылды. Осындай белсенді жұмысты жалғастыра берсек, аңсаған арманымызға жетіп, Қазақстан нағыз жасыл ел болмақ. Ал бұл келешек ұрпаққа керемет үлгі-өнеге және өсиет болып қалары анық.