Экология және технология: «Ертіс орманы» ақылды шешімдерге басымдық береді

Заманауи құрылғылар түтінді ерте кезеңде анықтап қана қоймай, орманда сирек кездесетін жануарларды зерттеуге көмектеседі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ертіс орманы» табиғи резерватында орнатылған өртті ерте анықтау жүйесі тиімділігі мен қызметтегі әлеуетін көрсетті. Бұл кешен – орманды бақылау мен өрт ошақтарын жылдам анықтауға арналған бағдарламалық және аппараттық платформа.
– 2024–2025 жылдардағы өрт қауіпті кезеңде зияткерлік жүйе шамамен 55-60 пайыздық деңгейінде нәтиже көрсетті. Бұл көрсеткіш құрылғы түтін немесе алау пайда болған жерлерді өздігінен анықтау деңгейін білдіреді. Яғни, біз өрт мұнаралары, авиациялық патруль, жерден жүргізілетін рейдтер немесе жергілікті тұрғындардың көмегінсіз жұмыс істей аламыз. Әсіресе, жүйе бейнекамералар орнатылған резерваттың алыс учаскелерінде тиімділігін танытты. Мәселен, таңғы уақытта әуе патрулі кезекшілігін бастамаған және бақылау мұнаралары іске қосылмаған кезде дәл осы жүйе шешуші роль атқарады, – дейді резерваттың жедел басқару орталығы басшысының міндетін атқарушы Игорь Лощёнов.
Маманның айтуынша, былтыр бұл кешеннің көмегімен ірі өрттің таралуының алдын алуға мүмкіндік болды. Өткен жылы тіркелген 38 өрттің 21-ін мониторинг анықтаған, ал 2025 жылы көрсеткіш – 14. Жүйе түтінді байқап, дабыл қаққан.
– Құрал-жабдықтар 33 метрлік биіктіктегі мачталарға орнатылған және тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейді. 23 шолу камерасы жағдайды автоматты түрде қадағалап отырады. Түтін пайда болғанда операторлар экранында визуалды және дыбыстық ескерту шығады. Оператор қауіп туралы хабарламаны растап, учаскені талдайды. Орман аумағындағы кварталдық тор бойынша өрт ошағын нақтылайды, кейін алгоритмге сай ақпаратты тиісті мекемелерге жолдайды. Әрі қарай өртті сөндіру резерваттың күштерімен жүзеге асырылады, – деп түсіндірді маман.
Жүйені пайдалану шығындары жазда қарастырылмаған, себебі кешен резерваттың есебінен сатып алынған. Ал оған қызмет көрсетуді мердігерлік ұйым атқарады. Кепілдік келісімшарт 2026 жылдың соңына дейін жарамды. Қыс мезгілінде жалғыз дизельді генераторларды отынмен қамтамасыз ету қажет.
Мамандардың айтуынша, резерваттағы барлық орман алқаптарында өрт сөндіру техникалары еркін кіре алады. Жер бедері негізінен тегіс, күрделі кедергілер жоқ. Тұзды және батпақты жерлерде айналып өтуге де мүмкіндік бар. Бұл әрекет ету жылдамдығын арттырып, жеделдікті күшейтеді.
Қосымша ретінде сыртқы бақылау камералары Қызыл кітапқа енген сирек кездесетін жануарлар мен құстардың әрекетін тіркеп отыр. Алғаш рет жүйенің объективіне Павлодар фаунасының сирек өкілі – күйкентай құсы ілікті.
Өңірде осындай кешендерді Баянауыл ұлттық паркінде де орнату мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бастама Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің қолдауымен жүзеге асырылады деп жоспарлануда.