Павлодарда кәсіпкер мемлекеттік қолдаумен оқыту орталығын ашты

Павлодарда кәсіпкер мемлекеттік қолдаумен оқыту орталығын ашты
Фото: Константин Шелков

Бүгінгі таңда орталықта 200-ден астам оқушы білім алуда, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Billion school» ЖШС бастауыш сыныптарға арналған білім беру қызметін атқарады. Орталық балаларының білім деңгейін көтеруге, шет тілдерін үйренуге, оқушыларды IELTS  - ағылшын тілінен халықаралық сынаққа дайындауға көмектеседі. 

Өз идеясын жүзеге асыру үшін орталық басшысы Жанира Байділдина банктердің біріне жүгініп, 61 миллион теңге көлемінде несие алған. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде несие бойынша мөлшерлеме 21,75 пайызды құрады, сегіз пайызды кәсіпкер төлейді. Кәсіпкер 2023 жылы «Даму» қорының көмегіне жүгініп, екі қабатты орталыққа жиһаздар мен құрал-жабдықтар, техникалар сатып алған. 

–   Бүгінгі таңда 210 бала білім алуда. Орталығымыздағы оқытушылардың кем дегенде бес жылдық еңбек өтілі бар. Яғни, біз балаларға сапалы білім беруге тырысамыз. Сонымен қатар оқушыларға барынша жағдай жасаудамыз, –  дейді кәсіпкер Жанира Байділдина. 

Орталықта он бір кабинет бар. Бұдан бөлек, балаларға арналған дәмхана мен медициналық көмек көрсету бөлмесі құрылуда. Сондай-ақ, әр үзіліс сайын балалар кәсіби жаттықтырушылармен спорттық жаттығулар жасап, дене шынықтырады. 

Орталықтың әр кабинетіне бейнежазба камералары орнатылуда. Бұл камералар арқылы ата-аналар мобильдік қосымшамен баласын үйде отырып-ақ бақылай алады. 

Айта кету керек, болашақта кәсіпкер 5-11-сынып оқушылары үшін тағы бір білім беру орталығы мен жеке мектеп ашуды жоспарлап отыр.