Павлодарлықтар түнгі шудың кесірінен полицияны жиі шақырады
Жыл басынан бері тыныштықты бұзған үш мыңнан астам адам жауапқа тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде тұрғындар түнгі уақытта қатты музыка, шулы көршілер мен терезе алдындағы жастардың мазасын алғаны туралы полицияға жиі шағымданады.
– Мәселен, түн ортасынан әлдеқайда кейін Қайырбаев көшесіндегі үйдің тұрғындары бірнеше сағат бойы музыканы қатты қойып, шулаған көршілеріне шағымданған. Олар ескертулерге құлақ аспаған. Сондай-ақ Набережная көшесіндегі үй тұрғындарынан да хабарлама келіп түсті. Оларға терезе астында шулаған жастар тыныштық бермеген. Тыныштықты бұзғаны үшін құқық бұзушыларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сонымен қатар әрқайсысымен тыныштық сақтау қажеттігі туралы профилактикалық әңгіме жүргізілді, – деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ведомствоның мәліметінше, жыл басынан бері өңірде тыныштықты бұзғаны үшін 3192 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Полицейлер тұрғындарға түнгі уақытта тыныштықты бұзу, қатты музыка қою немесе жөндеу жұмыстарын жүргізу әкімшілік жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін еске салды.