Павлодар облысында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 1500-ге жуық отбасы бар

Павлодар облысында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 1500-ге жуық отбасы бар
Фото: автор

Қабылдаушы кәсіби отбасы – балалар үйіне балама болатын үздік әлемдік тәжірибе, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.  

«Алтын сақа» инновациялық шығармашылық орталығында Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Маликова, облыс білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазина, ұлттық бала асырап алу агенттігінің басшысы Фарида Рахметова және де өңірдің барлық аудандарының әкімдері орынбасарларының қатысуымен қабылдаушы кәсіби отбасы тақырыбы талқыланды. 

Қазіргі таңда 4000-нан астам бала ата-анасын интернаттық мекемелерде күтуде. Олардың басым бөлігі: жасөспірімдер, диагнозы бар балалар және ағайындылар. 

Фарида Рахметова ұйымдастырылған дөңгелек үстелдің басты мақсаты Қазақстанда кәсіби қабылдаушы отбасы институтын енгізу туралы толық ақпараттандыру екенін атап өтті. 

– Қазіргі таңда елімізде баланы отбасына қабылдаудың төрт формасы бар. Атап айтқанда, асырап алу, қамқоршылығына алу, патронаттық тәрбиеге және қабылдаушы отбасына қабылдау. 2025 жылы кәсіби қабылдаушы отбасы формасы институты енгізілмек. Оның ерекшелігі, біріншіден – толық отбасы болуы және баланы таңдай алмауы. Яғни, бала осы отбасыға қиын жағдайға түскен кезде орналастырылады. Баланың мекемеге түспей бірден отбасына түсуі негізгі мақсат болып табылады, – деді Фарида Рахметова.  

Қабылдаушы кәсіби отбасыға қойылатын бірқатар талаптар бар. Атап айтқанда, 30 жастан асқан, бірақ зейнеткерлік жастан кіші ҚР азаматы, арнайы психологиялық дайындықтан өткен ерлі-зайыптылар немесе интернаттық мекемеде жұмыс істеген тәрбиешілер, бір отбасындағы бала саны төрттен аспауы керек. 

Әр қабылдаушы кәсіби ата-анаға баланы күтіп-бағуына және тәрбиешілік қызметі үшін ай сайын 70 АЕК төленеді. 

– Баланы отбасыға орналастырудың бірнеше түрі бар. Яғни, аяқ астынан бала ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кезде қысқа мерзімге орналастыру – 72 сағатқа, сонымен қатар, жедел – алты айға дейін баланың статусы толық анықталғанша және де үшіншісі ол ұзақ мерзімге де орналасуы мүмкін, яғни он сегізге толғанша, – деп атап өтті Фарида Рахметова.

Айта кетейік, ұлттық бала асырап алу агенттігі арқылы 2016 жылдан 2000-ға жуық бала отбасына орналастырылған. 

Павлодар облысында бүгінгі таңда жетім балалар мен ата анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың саны – 1480. Оның ішінде жетім балалар – 400, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар – 1080. 995 бала 762 отбасында тұрады және сол отбасылардың қамқорлығында. Ал, 68 бала патрионаттық отбасыларда тұрады.