Павлодарлық жолаушыларға қандай жағдайда билет құны толық қайтарылады?

Пойыз билеттерін сату ережелері өзгерді, деп хабарлайды@Pavlodarnews.kzтілшісі.
Бұл туралы Көлік министрлігі мәлімдеді. Енді шойын жол көлігі 1 сағаттан артық кешіксе, билет құны жолаушыларға толық қайтарылады.
Көлік министрінің 2025 жылғы 11 сәуірдегі бұйрығымен теміржол көлігімен жолаушыларды, багажды, жүк және пошта жөнелтілімдерін тасымалдау қағидаларына өзгерістер енгізілді.
Бұйрық биыл 22 сәуірден бастап күшіне енеді.
– Бұдан былай жолаушылар пойыз билеттерін жөнелтуден 45 күн бұрын, бірақ кетуден 10 минуттан кешіктірмей сатып алуға болады, – деді хабарламада.
Мүгедектерге арналған шарттар да қайта қаралды. Мамандандырылған купелерге билеттер бірінші топтағы мүгедектерге, кәмелетке толмаған мүгедек балаларға және шұғыл медициналық жағдайдағы жолаушылар мен олардың көмекшілеріне тек касса арқылы сатылады.
Басқа санаттағы мүгедектер билеттерін жолға шығуға жеті күн қалғанда сатып ала алады. Сондай-ақ, қала маңындағы пойыздарға билет сатып алу ережелері де жаңартылып, кассалар, агенттіктер, терминалдар мен интернет арқылы жаңа талаптармен жүзеге асырылады.
Билеттерді сату жолаушылар пойыздарына жөнелтілуден 45 тәулік бұрын Астана қаласының уақыты бойынша сағат 07:00–ден бастап жүргізіледі.