Баянауылда туристік жобаларға арналған жер учаскелері бөлінді
Байқау бағыттарының бірі экотуризмді дамытуды көздейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Баянауыл» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде туристік және рекреациялық қызметті дамытуға арналған жер учаскелерін ұзақ мерзімді пайдалануға беру жөніндегі тендер аяқталды.
Жеңімпаздар Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрінің 2022 жылғы 5 наурыздағы №73 бұйрығымен бекітілген мемлекеттік орман қоры учаскелерін мәдени-сауықтыру, рекреациялық, туристік және спорттық мақсаттарға беру қағидаларына сәйкес анықталды.
– Тендер «Баянауыл» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Бас жоспары аясында өткізілді. Жер учаскелері 25 жылға дейінгі мерзімге ұзақ мерзімді пайдалануға беріледі, – деді ұлттық парктің баспасөз қызметі.
Жоба экологиялық туризмді дамытуға, туристік инфрақұрылымды жетілдіруге, инвестиция тартуға және келушілер үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.