Павлодар облысында мектеп оқушылары табиғатты қорғауды үйренді
Туристік слетке келген жас туристер іс-шараларға белсенді қатысып, уақытты көңілді өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи қорығы баспасөз қызметінің мәліметінше, Шалдай филиалындағы Садықащы орман шаруашылығында жыл сайынғы «Саябақтар маршы 2024» экологиялық акциясы аяқталды. Науқанға Шарбақты ауданының Шегірен жалпы орта білім беретін мектебі және Аққулы ауданының Шақа жалпы орта білім беретін мектебінің оқушылары қатысты.
«Қарағай алаңы» қонақ үйінде алғашқы туристік слетке келген жас туристерді қорықтың туризм және экологиялық ағарту бөлімінің мамандары жылы лебізімен қарсы алды. Қуаттанып, серуенге дайындалған балалар эко соқпаққа бет алды, онда бағдарлама бойынша жарыстар мен ойындар өткізілді.
– Қорықтың туризм және экологиялық ағарту бөлімінің мамандарына экологиялық білім берудің негізгі мақсаты – балаларды табиғатты қорғау іс-шараларына белсенді қатыстыру, өскелең ұрпақтың шығармашылық әлеуетін дамытуға жағдай жасау, рухани және экологиялық білім беру, – дейді ұйымдастырушылар.
Жыл сайын табиғат қорғаушылар саны артып келеді. Ағымдағы жылы туризм басқармасы екі аудандағы 48 мектеп пен Павлодардағы жоғары оқу орындарының студенттерін экологиялық қозғалысқа тартты.
Шараға шағын және орта бизнес, шаруа қожалықтары және жеке тұлғалар қатысты. Акцияларға мектеп оқушылары, студенттер және ересектер белсенді қатысуда.