Шегірен ауылында мерейтойлық волейбол турнирі өтті
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер грамоталармен және кубоктармен марапатталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ауылда жоғары санатты ұстаз, еңбек ардагері Дүйсембай Қосбармақовтың 70 жылдық мерейтойына арналған волейбол турнирі ұйымдастырылды. Ол өмірінің қырық жылдан астам уақытын мектепте қызмет етуге және бірнеше буын спортшыларды тәрбиелеуге арнаған.
Ұзақ жылдар бойы педагогикалық қызмет атқарған Дүйсембай Даниялұлы ауыл балаларының спортқа деген қызығушылығын арттырып, олардың қабілеттерін ашуға және жоғары нәтижелерге жетуіне жол көрсетті. Ол баскетбол, волейбол, жеңіл атлетика және шаңғы спорты секцияларына жетекшілік етті. Ұстаз тәрбиелеген шәкірттер аудандық және облыстық спартакиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды.
Ұстаздың пайымдауынша, оның көптеген шәкірттері спортта елеулі жетістіктерге қол жеткізген. Атап айтқанда, Максим Муштаев Омбы қаласында өткен халықаралық жарыста 400 метрге жүгіруден спорт шебері нормативін орындады. Булат Жүнісов қазақ күресінен Қазақстан Республикасының спорт шебері атанса, Асхат Қосбармақов дзюдодан КСРО спорт шебері, Ерлан Сыздықов самбодан спорт шебері, ал Геннадий Фисенко дзюдодан КСРО спорт шебері болды.
Дүйсембай Даниялұлы жұбайымен бірге үш ұл тәрбиелеп өсірді. Олардың екеуі әке жолын жалғастырып, дене шынықтыру және спорт саласында ұстаздық етеді. Кіші ұлы мәдениет саласында еңбек етеді. Бүгінде олардың жеті немересі бар.
Мерейтойлық турнирге Шалдай, Есілбай, Арбиген және Шарбақты ауылдарының командалары қатысты. Жарысқа тәжірибелі ойыншылармен қатар көптеген жанкүйер жиналды. Турнир қорытындысы бойынша Шалдай ауылының командасы жеңімпаз атанды.