Павлодарлық жас волейболшылар ел біріншілігінен жүлделі оралды
Қысқы чемпионаттар үш қалада өткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық спорт басқармасының мәліметінше, 2-10 қаңтар күндері волейболдан қыздар мен ер балалар арасында қысқы чемпионаттар өтті. Аталмыш чемпионаттарға қатысқан жергілікті командалар жүлдесіз оралған жоқ.
Алматыда 2007-2008 жылғы ұлдар арасында республикалық чемпионат ұйымдастырылды. Чемпионатқа 18 команда қатысты. Біздің волейболшылар финалда Шымкент командасына жол беріп, күміс медальге ие болды. Жергілікті командадағы Әли Сайлаубай үздік ойыншы атанды.
Көкшетауда 2009-2010 жылғы ер балалар арасында өткен ел чемпионатында 20 команда өнер көрсетті. Біздің ойыншылар финалдық ойында ШҚО командасын 3:0 есебімен айқын ұтып, чемпионат жеңімпаздары атанды.
Ал Оралда 2011-2012 жылғы ұлдар арасында өткен чемпионатта 14 команда өнер көрсетті. Үшінші орын үшін өткен ойында волейболшыларымыз 3:2 есебімен Астана қаласының командасынан басым түсті. Командадағы Мейірбек Оразбек Чемпионаттың үзік ойыншысы болып танылды.