Шекара маңында тұратын халыққа үстемеақы төлеу мәселесі зерделенеді
«Ауылдарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасына» шекара маңындағы елді мекен тұрғындарына қосымша үстемеақы төлеу мәселесі енуі мүмкін. Бұл жайында Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков ҚазАқпарат сауалына жолдаған жауабында жазды.
Осыған дейін шекара маңындағы аумақтарды дамыту «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасына енген «Ауыл – ел бесігі» жобасының шеңберінде іске асырылды. Қазіргі таңда «Ауылдарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы» жобасына енгізілді.
«Аталған тұжырымдама шеңберінде шекара маңындағы аумақтарды дамыту жөніндегі мәселелерге ерекше назар аударылады. Атап айтқанда, бұл тіршілікті қамтамасыз ететін инфрақұрылымды басым қаржыландыру; бұрынғы ауылдық аудандардың (Катонқарағай, Үлкен Нарын, Күршім, Марқакөл және тағы басқа) мәртебесін қалпына келтіру мәселелеріне, сондай-ақ жергілікті тұрғындарды қолдау шараларын әзірлеуге, оның ішінде тұрғындарға жалақы мен басқа да әлеуметтік төлемдерге үстемеақы беру жөнінде талдау мен ұсыныстар әзірлеуге қатысты мәселелер қамтылатын болады», - деліген ведомство жауабында.