Олжас Бектенов «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында Қазақстанның басымдықтарын атады
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Цянмен кездесу өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Тараптар жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысын, қазақ-қытай ынтымақтастығын одан әрі нығайту перспективаларын, оның ішінде сауданы дамыту, инвестициялық өзара іс-қимылды кеңейту, АӨК, көлік-логистика және басқа да салалардағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
ҚР Премьер-министрі Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын атап өтті. Жалпыұлттық референдум қорытындысы бойынша қабылданған Конституцияда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті әрі Прогрессивті Қазақстан құруға бағытталған бастамалары бекітілген. Атап айтқанда, «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында шетелдік инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, инвестициялық ортаның тұрақтылығын қамтамасыз ету және заң үстемдігі кепілдіктерін арттыру жөніндегі шаралар күшейтілді.
— Қазақстан мен Қытайды өзара құрмет пен қолдауға негізделген достық және ынтымақтастық байланыстырады. Бүгінде екіжақты қатынастар мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестік рухында дамып, жаңа «алтын отызжылдық» кезеңіне қадам басты. Мемлекеттеріміздің көшбасшылары Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Си Цзиньпин арасындағы берік сенімге негізделген сындарлы диалог серіктестіктің үлгілі моделіне айналған мемлекетаралық қатынастардың орнықты дамуының негізгі қозғаушы күші болып отыр, — деп атап өтті Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов.
ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Цян стратегиялық өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін атап өтіп, екіжақты қатынастарды одан әрі нығайтуға дайын екенін жеткізді.
Қытай Қазақстанның негізгі сауда және инвестициялық серіктестерінің бірі саналады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда көлемі $48 млрд-тан асты, ҚХР-дан тартылған тікелей инвестиция көлемі – $2,8 млрд.
Агроөнеркәсіп кешендегі екіжақты сауда көрсеткіштері тұрақты өсім көрсетуде. 2025 жылдың қорытындысына сәйкес, аталған бағыт бойынша тауар айналымы 36%-ға өсіп, $1,9 млрд-тан асты. Көлік-логистика саласында Қазақстан Қытай мен Еуропа арасындағы құрлық тасымалында шешуші рөл атқарады: республика аумағы арқылы жүк ағынының 85%-дан астамы өтеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен ҚХР арасындағы теміржол тасымалы 11% өсіммен 35,6 млн тоннаға жетті.
Сессия жұмысына сондай-ақ бірқатар елдің үкімет басшылары, сараптамалық және ғылыми қоғамдастық өкілдері қатысты. «Бір белдеу, бір жол» бастамасын одан әрі ілгерілету перспективалары, оның қатысушы елдердің экономикалық дамуына әсері, сауда бағыттары мен жеткізу тізбектерін қайта құру, цифрлық инфрақұрылым мәселелері және бастаманың 2040 жылға дейінгі келешегі талқыланды.