Теміржолшылар кентінің тұрғындары балабақша салуды сұрайды

Теміржолшылар кентінің тұрғындары балабақша салуды сұрайды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Сондай-ақ техникалық су керек, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Теміржолшылар кенті тұрғындарының бірі облыс әкімі Асайын Байхановтың Естай атындағы мәдениет сарайында жұртшылықпен кездесуінде айтты. 

Бұл ауылда тұрып жатқаныма 14 жыл болды. Алғашқы көшіп келгенімізде елді мекеннің жағдайы өте нашар болатын: ауызсу тапшылығы, сығырайған жарық, тас қараңғы көшелер, қала мен екі ортада қатынайтын автобустың жоқтығы. Бүгінде біздің кентте үлкен өзгерістер байқалады. Оның барлығы – ел президентінің, әкімнің бастамалары мен қолдауының нәтижесі, – деді ол. 

Ауыл тұрғынының айтуынша, бүгінде су тоқтаусыз келіп тұрады, көше жарықтандырылған, асфальт төселген. Бес балалар ойын алаңы орнатылған, мектептен тыс балаларды дамыту орталығы бар, мәдениет үйі салынған. Үлкен жылы автобустар 10-15 минут сайын жүріп тұрады және 16 оқушы білім алатын мектептің орнына 200 орындық үлкен заманға сай зәулім білім ордасы бой көтерген. 

Дегенмен, ендігі кезекте балабақшаның жоқтығы қиындық тудыруда.

Сағат алтыдан кішкентай бөбектерді төсектен суырып алып, автобуспен қалаға әкелу баланың денсаулығына әсер етеді. Сондай-ақ техникалық су керек. Жер үйде тұрғаннан кейін бақшамыз бар, мал-құс асыраймыз. Мұнараның суын пайдаланатын болсақ, су жетпей қалады, – дейді тұрғын. 

Облыс әкімі балабақша мәселесіне қатысты зерттеу жүргізілетінін атап өтті.

Балалар саны шағын орталыққа сыймайтындай және демографиялық өсім жоғары болса, бұл өтінішті қолдаймыз. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндеттеріміздің бірі.  Сұраныс болса, Атамекен, Кенжекөл ауылдарында және Теміржолшылар кентінде балабақша салу жоспарда бар, – деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ Асайын Байханов техникалық су бойынша жобаны жан-жақтан зерттеу керек екенін жеткізді.