UBM Group Қазақстанда жемшөп өнеркәсібінің заманауи кәсіпорындар желісін құрады
Құрылыс 2026 жылы басталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров UBM Group директорлар кеңесінің төрағасы Акош Варгамен кездесті. Кездесуге сондай-ақ Мажарстанның Қазақстандағы елшісі Отто Иван Рона қатысты.
Ауыл шаруашылығы министрі кездесуде еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған жаңа жобалардың маңыздылығын атап өтті.
– Бірнеше ай бойы сіздер барлық мәселелерді егжей-тегжейлі талдап, зауыттар салынатын өңірлерді айқындап, негізгі серіктестіктерді қалыптастырдыңыздар. Бүгін сіздер елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, заманауи өндірістік қуаттылығы зор ауқымды жобаны іске асыруға кірістіңіздер. Бұл жобалар агроөнеркәсіптік кешенді жаңғыртуда және Қазақстан мен Мажарстан арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты дамытуда маңызды рөл атқарады, –деді ол.
Ал Акош Варга Қазақстанның стратегиялық маңызы зор екенін атап өтті. Ол жобаларды іске асыру барысында көрсетіліп жатқан жан-жақты қолдау үшін алғысын білдірді.
– Біз Қазақстанның жемшөп өнеркәсібін орнықты дамыту үшін сапалы және тиімді заманауи кәсіпорындар құруды мақсат етеміз, – деді Акош Варга.
Қостанай облысында жылына 100 мың тонна өнім өндіретін құрамажем зауытын UBM Group пен «Eco Broiler Ltd» ЖШС бірлесіп салмақшы. Ал Алматы облысында жылына 48 мың тонна өнім шығаратын премикс зауытын «KazFoodProducts» ЖШС-мен бірлесіп салу жоспарланып отыр. Құрылыс 2026 жылы басталады деп жоспарланған.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстанда премикс, концентрат және құрамажем өндіретін кәсіпорындар желісін құруға бағытталған UBM Group бағдарламасын бірлесіп іске асыру жөнінде меморандумға қол қойды. Бағдарлама ішкі нарықты да, Орталық Азия елдеріне экспортты да қамтиды.
Сонымен қатар, ұзақмерзімді даму стратегиясы аясында Қостанай облысында жылына 216 мың тонна өнім өндіретін ірі құрамажем зауытын салу көзделуде. Өнімнің негізгі тұтынушылары – Eco Broiler компаниясының тік интеграцияланған құрылымдары мен өңірдің фермерлік және мал шаруашылығы. Зауыттың бірінші кезеңі 2026–2030 жылдары қолға алынады.