Қазақстан геологиясы шетелдік инвестицияны тартуда

Елге қазірдің өзінде 12 миллиард теңгеден астам инвестиция құйылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қазақстанның геологиялық саласы халықаралық деңгейде қызығушылық тудырып, шетелдік инвесторлар үшін тартымды бағытқа айналуда. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің инвестициялық тартымдылықты арттыруға бағытталған жүйелі жұмысы нәтижесінде елге 12 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды.
Бүгінде Қазақстанда ұлыбританиялық «Rio Tinto», канадалық «FQM Kazakhstan limited» пен «Arras Minerals Corp.», австралиялық және сингапурлық «Sarytogan Graphite Limited», «Hidden Owl Pty Ltd», «IG Asia LLC», сондай-ақ түрік «Эсан» сынды ірі халықаралық компаниялар қатты пайдалы қазбаларды барлау жобаларын жүзеге асырып жатыр. Бұл жобалар болашақта кен өндіру үшін перспективалы учаскелерді анықтауға бағытталған.
Мұндай белсенділіктің артуына Қазақстанның кең көлемді геологиялық-геофизикалық дерекқоры да ықпал етуде. 2024 жылдың соңында зерттелген аумақ көлемі 2 миллион шаршы шақырымға жуықтаса, 2025 жылы 2,038 млн шаршы шақырымға жетеді деп күтілуде. Бұл зерттеулердің барлығы мемлекеттік қаржыландыру есебінен жүзеге асырылады.
Қазақстан цифрлық инфрақұрылымның ашықтығы мен болжамды жер қойнауын ұсыну арқылы әлемдік геологиялық нарықтағы орнын нығайтып келеді.