Павлодардағы зауыт жұмысшылары үшін жатақхана салынды
Алғашқы тұрғындар қаңтар айында қоныстанады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шаһарда орналасқан «РИТАМ-Павлодар» ЖШС өнеркәсіптік кәсіпорын, бүгінде жеңіл металл конструкциялар мен машина жасау өнімдерін шығарады. Кәсіпорын басшысы Юрий Гольдштауб өз сөзінде өндірістің негізгі бағыттарын түсіндірді.
– Біздің өнімдерімізге конвейерлік жүйелер, резервуарлар, металл конструкциялары, вентиляциялық қондырғылар, жылу алмастырғыштар кіреді. Өндірістік алаңымыз жиырма шаршы метрден астам, жүздеген металл өндеуші жабдық бар. Біз Қазақстанның ірі өнеркәсіптік компанияларымен, соның ішінде «Қазақмыс» корпорациясымен жұмыс істейміз, – деді ол.

Өндіріс циклы лист прокаттан бастап, лазерлік кесу, жинақтау, дәнекерлеу және механикалық өңдеуді қамтиды. Қызметкерлер саны – шамамен 100 адам. Компания халықаралық сертификат алуды жоспарлап отыр, бұл өнімді тек Қазақстанда ғана емес, шетелде де қолдануға мүмкіндік береді.
HR бөлімінің басшысы Ардақ Жаншокова кадрлық ресурсты тарту және қызметкерлер үшін барлық жағдайлар жасалып жатқанын атап өтті.
– Біз мансап орталықтарымен, ауылдық әкімдіктермен де жұмыс істеп, жаңа қызметкерлерді өндіріске тартамыз. Қызметкерлер үшін жайлы және тартымды жағдай жасау мақсатында «Даму» қорының қолдауымен жатақхананы салдық. Құрылыс жұмыстары толық аяқталды, қазір клининг компаниясы жұмыс істеп жатыр, – деді ол.

Жатақхананың бірінші қабатында 19 пәтер, екінші қабатта 10 пәтер орналасқан. Бұл отбасы типіндегі пәтерлер, толық жабдықталған және балалар үшін ойын алаңдары қарастырылған. Жатақхана қала шегінде орналасқанымен, жақын маңда, трамвай аялдамасы және базар бар. Алғашқы тұрғындар келер жылдың басында қоныстанады деп жоспарланған.
Жатақхана жастар мен ауылдық аймақтан келген қызметкерлер үшін, әсіресе жұмысшы мамандықтар бойынша кадр тапшылығы жағдайында, уақыт үнемдеудің тиімді құралы ретінде қарастырылады.