Успен ауданында тағы бір медициналық пункт ашылды

Успен ауданында тағы бір медициналық пункт ашылды

Нысан заманауи жабдықтармен жабдықталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын іске асыру және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Успен ауданы Ковалев ауылында жаңа медициналық пункт іске қосылды.

Медициналық пунктте қабылдау, физиотерапия, емшара, орта медициналық персонал кабинеті, дәріхана пункті бар. Жергілікті медициналық қызметкерлер ересектер және балаларға амбулаториялық-емханалық, дәрігерге дейінгі, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетеді.

Ковалев ауылының науқастарын физиотерапия кабинетінде аптасына екі рет қаладан келіп тұратын дәрігер қабылдайды.

–   Жаңа жылға керемет сыйлық болды. Ауылымызда медициналық пункт жоқ болатын. Ауыл тұрғындарына қолайлы жағдай жасап отырғандарыңызға алғыс айтамын, – деді ауыл тұрғыны.

Успен ауданының орталық аудандық ауруханасы басшысының міндетін атқарушы Ринат Ашжановтың айтуынша, медициналық пункттің қызметкерлері инфузиялық шприц сорғы, ЭКГ аппараты, дефибриллятор сияқты заманауи жабдықтармен жұмыс істей алады.

Естеріңізге сала кетейік, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Успен ауданында биыл 30 нысан салынған. Осы уақытқа дейін Қозыкеткен, Тимирязев ауылдарында жаңа медициналық пункттің ашылуы өткен болатын.