Павлодар облысында балалар арасында қызылша азаймай тұр
Олардың басым бөлігі – сырқатқа қарсы дер кезінде екпе салдырмаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Медицина қызметкерлері осындай аурулардың алдын алу мақсатында тегін скрининг тексеруден өтуге кеңес береді.
– Қызылша ауруы мектеп жасындағы балалардың арасында жиі кездеседі. Көбіне жас балалар шалдығады. Кейбір кезде соңы қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін. Ауруға қарсы екпе алмаған адамның оны жұқтырып алуы әбден мүмкін, – дейді «Almaz Medical Group» медициналық орталығының педиатр дәрігері Жанар Сыздықова.
Вирус ауа тамшылары арқылы сөйлескенде, жөтелгенде, түшкіргенде ауру адамның сілекейімен сыртқы ортаға тарайды. Бесінші күннен бөртіп жүрген адамнан жұқпайды. Ауырып, жазылған адамда өмір бойға иммунитет сақталады. Кезінде қызылшамен ауырған әйелден туған бала үш айға дейін бұл ауруға шалдықпайды, өйткені, оның бойында анасынан берілген аурудан қорғайтын қарсы денелер (антитела) уақытша сақталады. Қызылшамен ауырмаған және егілмеген адамда кез келген жаста, тіпті өмір бойы бұл ауруға шалдығу қаупі сақталады.
– Облыс бойынша барлығы 1182 жағдай тіркелді, оның ішінде 2023 жылы – 604 жағдай, 2024 жылы – 578 (2024 жылғы қаңтарда – 308, 2024 жылғы ақпанда – 270 жағдай, – дейді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиев.
Науқастар жас ерекшеліктеріне келесідей бөлінеді: 1 жасқа дейінгі балалар – 13,5%, бір жастан 14 жасқа дейінгі балалар – 58,4%, жасөспірімдер – 5,4%, ересектер 22,7% құрайды.
Айта кетейік, вирустың негізгі белгілері: әлсіздік, дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, ұйқысыздық, тамаққа тәбетінің болмауы, мұрын бітеліп, құрғақ жөтел болуы мүмкін.
Сондай-ақ, 8 ақпаннан бастап барлық медициналық ұйымдарда, адам көп жиналатын жерлерде, қоғамдық көліктің барлық түрлерінде, халыққа қызмет көрсету орталықтарында және тағы басқа орындарда медициналық бетперде қолдану қажет.
Қызылшаның және көкжөтелдің алдын алу үшін уақытылы екпе салу ұсынылады.