Павлодарда балалар стоматологиясының түнгі жұмысы тексерілді
Бұған әлеуметтік желілерде тұрғындардың осы қызметке қатысты шағымдары себеп болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков балаларға түнгі уақытта стоматологиялық көмек көрсету мәселесін бақылауға алды.
Қала басшысының айтуынша, жуырда әлеуметтік желіде тұрғындардың бірі балалар стоматологиясының түнгі уақытта жұмыс істеуіне қатысты мәселе көтерген. Жазбаға қалдырылған пікірлерді қарап шыққан әкім шағымдардың көп екенін атап өтті.
Осыған байланысты Хасар Хабылбеков балалар стоматологиясының жұмысымен танысу үшін Назарбаев даңғылы, 200 мекенжайындағы нысанға арнайы барды.
Сапар барысында түнгі уақытта және демалыс күндері кезекшілік атқаратын хирург мамандарының жетіспеушілігі бар екені анықталды. Сондай-ақ тұрғындар тарапынан түнгі уақытта хирургтің болмауына байланысты балаларды ақылы клиникаларға жіберу және қажетті дәрі-дәрмектердің жоқтығы туралы шағымдар түскені айтылды.
Қала әкімі тәулік бойы жұмыс істейтін балалар стоматологиясында қажетті медициналық көмектің толық көлемде көрсетілуі тиіс екенін атап өтті.
– Егер бізде 24/7 режимінде жұмыс істейтін, түнгі уақытта балаларды қабылдап, медициналық көмек көрсетуі тиіс стоматология болса, онда дәрігердің немесе қажетті препараттың болмауына жол беруге болмайды. Әсіресе, бұл балалардың денсаулығына қатысты мәселе. Біздің ортақ міндетіміз – жұмысты дұрыс ұйымдастыру, – деді Хасар Хабылбеков.
Шаһар басшысы денсаулық сақтау басқармасына мәселені шешу бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Қала әкімінің айтуынша, қажетті ресурстар бар және медициналық ұйымдар арасындағы жұмысты қайта ұйымдастыру арқылы түнгі кезекшілікті қамтамасыз етуге болады. Сонымен қатар, балалардың кез келген уақытта қажетті медициналық көмекті тегін әрі сапалы алуын қамтамасыз ету басты мақсат екенін жеткізді.