Жасыбай көлінде оқушыларға арналған шатырлы лагерь құрылады
Шатырлы лагерьдің сыйымдылығы – 50 оқушы, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалалық білім бөлімінің мәліметінше, «Жаз - 2024» жобасы аясында 48 мыңнан астам Павлодар қаласындағы жалпы білім беретін мектептің 1-10 сынып оқушыларын жазғы демалыспен және жұмыспен қамту жоспарлануда.
Мектеп жанындағы лагерьлер 15 мыңнан астам оқушыны қамтитын 1-4 сынып оқушылары үшін жұмыс істейді. Маусымның ұзақтығы 15 күн.
– Мектеп жанындағы лагерьлерде мәдени-демалыс орындарына шығу, мектептен тыс ұйымдар өткізетін іс-шараларға қатысу жоспарлануда, – деді білім бөлімінде. – Ал, мектептен тыс ұйымдарда бейіндік лагерьлер жұмыс істейтін болады. Тілдік, туристік-өлкетану, экологиялық және спорттық бағыттар бойынша 27 мыңнан астам оқушыны қамту жоспарда.
№31, 33, 40 мектептерде, «Жігер» балалар-жасөспірімдер орталығында
450 оқушыны қамтитын төрт киіз үй лагері ұйымдастырылады. Балалар-
жасөспірімдер экология және туризм орталығы Жасыбай көлінде 50 оқушыға
арналған шатырлы лагерь құруды жоспарлауда.
Сонымен қатар, жазғы кезеңде Мичурино ауылында 150 орындық «Балдәурен» қала сыртындағы оқу-сауықтыру орталығы жұмыс істейтін болады. Бес ауысымда жалпы 500 бала, әр ауысымда 100 бала қамту жоспарланып отыр. Демалушыларды уақытын тиімді және пайдалы өткізу үшін «Оқуға құштарлық», «Жас аспаз» аспаздық мектебі, «Жасыл
мекен», «Бірлік» ұлтаралық мұра мектебі, «Өнегелі өмір» табыс, «Ар-ұят» имандылық мектебі және «Менің салауатты өмір салтым» денсаулық мектебі жобалары жүзеге асырылады.
–Жалпы, жазғы демалыспен, сауықтырумен және жұмыспен қамтумен 1-10 сынып оқушыларының 92,6 пайызы қамтылатын болады. Мектеп жанындағы лагерьлердің салтанатты ашылуы 3 маусымда өтеді, – деді білім бөлімінде.
Бұдан бөлек, жаз мезгілінде қаланы абаттандыру және көгалдандыру бойынша жасақтар ұйымдастырылады. Оған қаланың 561 оқушы қатысады деп күтілуде. Балалардың еңбекақысы 42500 теңгені құрайды.
Үш айдың ішінде жоғары сынып оқушыларын қалалық кәсіпорындарға
жұмысқа орналастыру бойынша жұмыстар жүргізілген. Олар логопедиялық білім беру орталығында, сатушы қызметінде, фирмалар мен компанияларда жұмыс атқаратын болады. Осы уақытқа дейін бюджеттен тыс жұмыс орындарында жұмыспен 3000-ға жуық оқушы қамтылған.