Мәредегі көз жасы: павлодарлықтар Каспий марафонын бағындырды

Мәредегі көз жасы: павлодарлықтар Каспий марафонын бағындырды
Фото: Әсемгүл Хусаинова

Олар спорттық маусымды лайықты аяқтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарлық Diehard және Strong_run.pvl жүгіру клубтарының әуесқой спортшылары Каспий теңізінің жағалауында марафондық қашықтықты еңсерді. Әуесқой спортшылар қатарында Талғат Суханқұлов, Берік Балташев, Әсемгүл Хусаинова және Эльмира Қабдығалиева болды.

Қыздар екі жүлделі орынды жеңіп алды. Жүгіруші Әсемгүл Хусаинова үш сағат 40 минут 25 секунд нәтижесімен өз жас санатында бірінші орынды иеленді. Эльмира Қабдығалиева үш сағат 35 минут 50 секунд көрсеткішімен абсолюттік есепте үшінші орынға ие болды. Екі спортшы да павлодарлық әуесқой жаттықтырушы Берік Балташевтың жетекшілігімен жаттығады. Оның марафондағы нәтижесі үш сағат 01 минут 41 секунд. Бұл қыздар үшін алғашқы ресми марафон болды.

Әсемгүл үшін бұл маусым ерекше жемісті өтті. Ол жыл бойы Akburabaytrail жүгіру сериясына қатысып, 51 шақырымдық ультрамарафонды еңсерді. BurabayIce мұз үстіндегі жартылай марафон мен күзгі Zerenda Half Marathon жарысында 30 шақырымды жүгіріп шықты. Осы сериялардың барлығына қатысқаны үшін оған «Солтүстіктің ханшайымы» атағы берілді.

Каспий марафонын өткен жылы-ақ мақсат етіп қойдым, соған дайындалдым. Жол мен үшін қиын болды көтерілістер көп. Марафон бұл мінездің көрінісі, тек физикалық емес, рухани дайындық та қажет. 30 шақырымға дейін үздік үштікте болдым, бірақ кейін қарқынды жоғалтып, ауырсыну пайда болды. Жылағым келді, бірақ мінезім мықтырақ болды, мен берілмедім, деп әсерімен бөлісті Әсемгүл.

Эльмира үшін Каспий жағалауындағы марафон тағдырлы сәтке айналды, ал жеңіс күтпеген қуаныш болды. Ол мәреге көз жасымен жетті бұл жеңістің көз жасы еді.

Маған «жеңіс тұғырына шығасың» дегенде сенбедім. Қазір де сене алмай тұрмын. Ең қызығы маған «жылдам» кроссовкаларды халықаралық дәрежедегі спорт шебері Галина Якушева сыйлаған болатын. Жүгіру клубыма және барлық жанашырларыма алғыс айтамын, деді Эльмира мәреде.

Павлодардағы жүгіру қауымдастығы жыл сайын өсіп келеді. Өңірде спортпен айналысуды, мықты әрі биік мақсаттарға жетуді көздейтін жаңа клубтар құрылуда.