Ауылдан – арманға. Павлодарлық оқушылар IQanat-та бақ сынап жатыр

Ауылдан – арманға. Павлодарлық оқушылар IQanat-та бақ сынап жатыр
фото: автор

Білім додасында 300-ге жуық ауыл баласы бақ сынап жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодарда IQanat олимпиадасының екінші кезеңі басталды. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл олимпиада аясында Peer-to-Peer жобасы енгізілді. Осылайша, зияткерлік байқау білімділер додасы ғана емес, оқыту бойынша тәлімгерлік алаңына айналды. 

– Енді IQanat мектебінің түлектері мен жоғары сынып оқушылары олимпиада қатысушыларын қамқорлыққа алып, жаңа білім беру ортасына бейімделуге көмектеседі. Сонымен қатар, математика, физика, химия, биология және ағылшын тілі пәндері бойынша білімдерін жетілдіреді. Жарысқа аудандық іріктеу турына өткендер қатысып жатыр. Бұл кезеңге 800-ден астам ұл-қыздың білімдері сыналды, – IQanat қорының облыс бойынша үйлестірушісі Сандуғаш Матаева.

Облыстық кезеңге жолдама алған Айым Мұсабекова Шарбақты ауданында оқиды. Жеткіншектің мақсаты – IQanat мектебіне түсу. 

– Олимпиада және оның табысты қатысушылары туралы хабардармын. Бұл екінші кезеңге өтуге ынта берді. Өйткені, IQanat мектебінде білім алсам, үздік отандық жоғары оқу орындарының бірінің студенті атануға мүмкіндік бар, – дейді Айым.

Екінші турдан сүрінбей өткен балалар Бурабайдағы IQanat мектебінде оқи алады. Жеткіншектер олимпиададан кейінгі үш жылдық сүйемелдеу бағдарламасына қатысады. Оның аясында оқушылар кәсіби нұсқаулықтан өту, ҰБТ-ға дайындалу, ағылшын тілін меңгеру, IT-дағдыларын дамыту мүмкіндіктеріне ие болмақ.

IQanat  әлеуметтік-білім беру жобасын 200-ден астам отандық кәсіпкер қолдап отыр. Олимпиаданың жеті жылдық тарихында 20 павлодарлық оқушы Бурабайда білім алды.

–  Мен Майқайың кентінің тумасымын. Бұл жобаға қатысып жүргеніме бірнеше жыл болды. Баянауылдық балаларды қолдауға бес миллион теңге көлемінде инвестиция құйылды. Осындай жобалар баланың ғана емес, оның отбасының да болашағына оң әсер етеді, – дейді кәсіпкер Ержан Әуезов. 

Ресми мәлімет бойынша, «айқанаттықтардың» 70 пайыздан астамы –  көпбалалы немесе толық емес отбасылардың балалары. Ал жеткіншектердің 17 пайызының ата-анасының бірі ғана жұмыс істейді. Жобаның тиімділігі нақты деректермен нақтыланған: түлектердің 94 пайызы Қазақстан мен шетелдің жетекші университеттеріне оқуға түседі. Қазіргі уақытта ауыл балалары әлемнің 17 мемлекетінде білім алып жүр.