Павлодар колледжінде есірткі қылмысына қатысты «сот процесі» өткізілді
Студенттер сотталушылардың орнында болып көрді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Еуразиялық инновациялық университеттің жоғары колледжінде тақырыптық ойын ұйымдастырылды. Студенттер тыйым салынған заттардың айналымы саласындағы қылмыстық істі қарастырды.
Бүгін сот процесіне қатысу үшін сотталушылардың орнында заң факультетінің студенттері болды. Барлық кейіпкерлер ойдан құрастырылды. Осылайша, мұндай заңсыз әрекеттерге не қауіп төндіретіні көрсетілді.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкері Ирина Темірғалиева есірткі заттары мен психотроптық заттарды пайдаланғаны, сақтағаны, таратқаны, сондай-ақ насихаттағаны немесе заңсыз жарнамалағаны үшін қылмыстық жауаптылықтың құқықтық салдары, басталу мерзімдері туралы түсіндірді.
– Мұндай іс-шаралар жасөспірімдердің салауатты өмір салтына деген қызығушылығын ынталандырудың ең заманауи форматы болып табылады. Тек профилактикалық және ағартушылық мақсаттармен ғана емес, жасөспірімдердің салауатты өмір салтын ілгерілету саласындағы жауапкершілік пен бастаманы өз мойнына алуға үйренуі үшін өткізіледі, – дейді колледж директорының оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Әсем Төлегенова.
Айта кетейік, ағымдағы жылы облыс аумағында 186 есірткі құқық бұзушылық тіркеліп, заңсыз айналымнан 423 келі түрлі есірткі және психотроптық заттар тәркіленді.