Жастарға премия: Павлодарда облыстық байқауға өтінім беру басталды

Жастарға премия: Павлодарда облыстық байқауға өтінім беру басталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Байқаудың негізгі мақсаты – облыстың дамуы мен өркендеуіне елеулі үлес қосқан дарынды жастарды қолдау, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«New vision team» қоғамдық қорының мәліметінше, дәстүрлі «Тәуелсіздік ұрпақтары премиясы» облыстық байқауына өтінімдерді қабылдау 23 қыркүйек пен 31 қазан аралығында өтеді.

Премия бекітілген 10 аталымға сәйкес беріледі: ақпараттық технологиялар; ғылым; ауыл шаруашылығы қызметкері; қоғамдық қызмет; спорт; медицина; өндіріс қызметкері; бизнес; медиа; мәдениет.

– Премия алуға халықаралық, республикалық байқаулардың, фестивальдар мен көрмелердің лауреаттары, берілетін номинацияларда көрсетілген түрлі салалар саласындағы жүлдегерлер мен жеңімпаздар, сондай-ақ қызметтері инновациялық болып табылатын, өңірімізге және коғамға елеулі пайдасын тигізген, тисті саланың дамуына ықпал ететін 14 пен 35 жас аралығындағы кандидат жастар үміткер бола алады, – дейді ұйымдастырушылар.

Қатысушылар құжаттарды белгіленген тәртіпке сәйкес М. Жүсіп көшесі, 189, 4-қабат, 412-кабинет мекенжайы бойынша қолма-қол тапсыруға тиіс. 

Орталықтың жұмыс уақыты: дүйсенбіден жұмаға дейін сағат 10:00 – 18:00 аралығында, сағат 13:00-ден 14:30-ға дейін түскі үзіліс.