Павлодарда мемлекеттік қызметшілер Қазақстан картасын құрастырды
Зияткерлік ойынға жеті команда қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Конституция күні қарсаңында Павлодар облысының ақпарат және қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысын іске асыру шеңберінде Қазақстан Республикасының заңнамасын білуге арналған зияткерлік квест ойыны ұйымдастырылды. Қатысушылар Жеңіс алаңында жиналып, бағыт бойынша жолдама алды.
– Іс-шарамыздың негізгі мақсаты – адам құқықтары саласындағы заңнаманы білу. Бірінші кезекте Конституция, сайлау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері болды. Аталмыш үш заңда біздің азаматтарымыздың құқықтары анағұрлым айқын көрінеді, – дейді ұйымдастырушы, «Павлодар облысының азаматтық одағы ҮЕҰ» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Алма Қозбаева.
Зияткерлік ойын ережесі бойынша қала аумағында жеті орын әзірленді. Әр жерде сұрақ қоятын үйлестіруші болды. Команда қатысушылары барлық ұялы телефондарын тапсырды. Дұрыс жауап берілген жағдайда Қазақстан картасының бөлігі берілді. Қазақстан картасының жеті бөлігін толық жинап, мәреге бірінші болып келген топ жеңімпаз атанады.
Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды Павлодар облысы орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің құрама командасы иеленді. Екінші орынға Павлодар ауданының орталықтандырылған кітапхана жүйесі ие болды. Жастар бастамаларын дамыту орталығының командасы үшінші орынды жеңіп алды. Басқа командалар ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.
– Тобымыздың аты – «Алау». Байқауға мекеме атынан бес қызметкер қатысуда. Сұрақтар Ата Заңымызға байланысты болды. Осылайша квест арқылы еліміздің картасын жинадық. Барлық сұрақтарға ойланып, дұрыс жауап бердік. Тағы бір мәрте білімімізді шыңдадық, – дейді орман және жануарлар әлемінің қорғау жөніндегі мекеменің қызметкері Замира Хайрудинова.
Айта кетейік, Махаббат аллеясында жеңімпаздар мен квест ойынына қатысушыларды салтанатты түрде марапаттады. Бірінші орын үшін микротолқынды пеш, екінші орын үшін кофеқайнатқыш, үшінші орын үшін шәйнек, ал қалған барлық қатысушыларға шай асханаларының құралдары табысталды.