Железин ауданында 36 отбасы баспаналы болды

Железин ауданында 36 отбасы баспаналы болды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосы

Олар жылдар бойы кезекте тұрып, көптен күткен пәтер кілттеріне ие болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Баспана иелерін Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов құттықтап, пәтер кілттерін табыстады.

Өңір басшысы облыста әлеуметтік тұрғын үй құрылысының көлемі жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті.

– Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев азаматтарды әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз етуді басты міндеттердің бірі ретінде қойып отыр. Біз жыл сайын шамамен бір жарым мың пәтерді пайдалануға береміз, былтыр екі мыңға жуық пәтер қолданысқа енгізілді. Тұрғын үй құрылысын тек қалаларда ғана емес, ауылдарда да жыл сайын арттыра береміз. Сондықтан биыл және келесі жылы тұрғын үй құрылысының көлемі екі есеге жуық ұлғайтылды, – деді Асайын Байханов.

Железин аудандық экономиканың нақты сектор бөлімінің басшысы Қанат Рамазановтың айтуынша, екі қабатты үй қысқа мерзімде салынған.

– Ауданда әлеуметтік тұрғын үй соңғы рет 2024 жылы берілді. Қазір Железин ауданы бойынша 354 тұрғын кезекте тұр. Үй облыстық бюджет есебінен салынды. Кемшіліктер анықталған жағдайда оларды құрылыс салушы компания жояды. Кепілдік мерзімі – үш жыл, – деді Қанат Рамазанов.

Жаңа жұлдыз ауылының тұрғыны Виктория Беисова үш бөлмелі пәтердің кілтін алды.

– Жалдамалы үйден кейін өз баспанамыздың болғаны ерекше қуантады. Енді екі баламызбен бірге осында тұрамыз. 2012 жылдан бері жетім бала ретінде кезекте тұрдым. Ақыры өз пәтерімізге қол жеткіздік. Өте қуаныштымыз, – дейді Виктория Беисова.

Павлодар облысында әлеуметтік тұрғын үй алу кезегінде 50 мыңнан астам адам тұр.