Екібастұз ЖЭО-дағы апатқа жауапты тұлғаларға қатысты сот үкімі шықты

Екібастұз ЖЭО-дағы апатқа жауапты тұлғаларға қатысты сот үкімі шықты
Фото: Константин Шелков

Үкім заңды күшіне енбеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Екібастұз қалалық сотында өткен жылдың қараша айында жылу желісінде орын алған апат фактісі бойынша қылмыстық іс қаралды (ҚК 254-бабы). Айыпталушылар қатарында бұрынғы үш басшы болды: «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС бас директоры Павел Мельничук, «Екібастұз жылу электр орталығы» ЖШС директоры Виктор Вебер және «Екібастұз жылу желілері» ЖШС директоры Евгений Горват. Олар қызметтеріне адал қарамай, өз міндеттерін тиісінше орындамау салдарынан апатты жағдайға жол берді деп айыпталды.  

Сотта айыпталушылардың Екібастұз қаласының коммерциялық ұйымдарында басқару функцияларын жүзеге асыратын тұлғалар бола отырып, 2022-2023 жылдарға жылу беру кезеңіне дайындық жұмыстарының толықтығын қамтамасыз ету бойынша тиісті шаралар қабылдамағаны анықталды. Аталмыш тұлғалардың абайсыз кінәсі бойынша өз міндеттеріне адал қарамау нәтижесінде 2022 жылғы 27 қарашада Екібастұз қаласында «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС жылу желілерінде апат орын алды. Бұл ауыр зардаптарға және қалада төтенше жағдай режимін енгізуге әкеп соқтырды. 

– Сотталушылардың жеке басы мен отбасылық жағдайын, олардың ауыр зардаптардың туындауына абайсыз кінәсін ескере отырып, сот оларға пробациялық бақылау белгілеп, мәжбүрлі еңбекке тарта отырып, әрқайсысына 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан шектеу түріндегі жазаны тағайындады,– деді Екібастұз қалалық сотының баспасөз қызметінде.  

Сондай-ақ сотталғандар коммерциялық ұйымдарда 3 жыл мерзімге басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айырылды. 

Үкім заңды күшіне енген жоқ.