Павлодар облысында қариялар ChatGPT-ді меңгере бастады

Бастама барысында 25 зейнеткер жасанды интеллектпен жұмыс жасауды үйренді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
1 қазан – Қарттар күніне орай «Ауыл» партиясының өңірлік филиалы қоғамдағы барлық буынға бағытталған «Жасанды интеллект жасқа қарамайды» атты шараны ұйымдастырды.
Іс-шараға қатысқан Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің қауымдастырылған профессоры Әділбек Әміренов қазіргі заманда жасанды интеллекттің қоғам өміріндегі рөліне тоқталып өтті.
– Жасанды интеллект бүгінгі заман ағысы. Президентіміздің Жолдауында да осы мәселе ерекше аталды. Сондықтан бұл құралды жастар ғана емес, қарияларымыз да игеруі керек. Сол себепті кездесуде қарттарға жасанды интеллекттің пайдалы және зиянды жақтарын, оны қалай дұрыс қолдану керектігін түсіндіруді мақсат еттік, – деді ол.
Ғалымның айтуынша, жасанды интеллект ауылдық жерлерде де күнделікті өмірге ене бастады. Мысалы, мал шаруашылығында чиптеу арқылы малды алыстан бақылау мүмкіндігі, тұрмыста смартфон қосымшалары арқылы қажетті ақпарат алу – соның айғағы.
– Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында жасанды интеллектке ерекше көңіл бөлді. Біз де осы бағытты қолдай отырып, іс-шарамызды ұйымдастырдық. Яғни, жасанды интеллект тек жастарға ғана емес, қоғамдағы барлық буынға қажет. Бұл – заман талабы. Біздің партия әрқашан заманауи үрдістерді қолдап отыруға дайын, – деді «Ауыл» партиясы облыстық филиалы аппаратының басшысы Әлия Құрметова.
Аппарат басшысы сонымен қатар, қарттарға жасанды интеллектті қолдану арқылы өмірді жеңілдетуге болатындығын айтты. Бұл бастаманың аясында тек партия ардагерлері ғана емес, болашақта ауылдағы барлық қариялар жаңа технологияны меңгеруге мүмкіндік алады.
Шара барысында қарияларға мына қосымшалар таныстырылды: ChatGPT – сұрақтарға жауап беріп, ақпарат алуға арналған құрал, Egov – мемлекеттік қызметтерді онлайн алуға мүмкіндік беретін жүйе және ең керек маңызды DamuMed – дәрігерге жазылу, талдау нәтижелерін көру және емхана қызметтерін онлайн пайдалану қосымшасы.
Сонымен қатар, қатысушыларға интернет алаяқтарынан сақтану жолдары түсіндірілді. Соңғы жылдары егде жастағы адамдардың қаржы ұйымдары мен цифрлық платформалардағы алаяқтықтың құрбанына жиі айналатыны белгілі. Осыған байланысты, несие рәсімдеуден өз еркімен бас тарту тәсілдері мен жеке деректерді қорғаудың маңызы көрсетілді.
Іс-шара барысында тек жаңа технологиялар ғана емес, ауыл мәселелері, партияның даму жоспарлары да талқыланды. Сондай-ақ, ақсақалдарға марапат табысталып, олар өз тәжірибелерімен бөлісіп, ауыл өмірін жақсартуға қатысты ұсыныстарын білдірді.
Қарттар күніне арналған бұл ерекше іс-шара Павлодар облысында алғаш рет осындай ауқымда өтті. Мұндай кездесулер дәстүрге айналып, тек партия ардагерлерімен ғана шектелмей, ауылдағы барлық қариялар үшін жалғасын табатын болады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram