Абылай ханның немере ағасы қайда жерленген: павлодарлық ғалымдар жауап іздеуде

Абылай ханның немере ағасы қайда жерленген: павлодарлық ғалымдар жауап іздеуде
Фото: жасанды интеллект

XVIII ғасырдағы ең ықпалды қазақ сұлтандарының бірі жерленген орын әлі күнге дейін белгісіз күйінде қалып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарлық зерттеушілер Сұлтанбет – Абылай ханның немере ағасы әрі серіктесінің өмірі мен мұрасын мұрағаттық деректер негізінде зерттеуді жалғастыруда.

Бүгінде ғалымдардың алдында екі негізгі сұрақ тұр: сұлтанның үй-жайы қай жерде болған және ол қайда жерленгенін табу. Павлодарлық зерттеуші, өлкетанушы Виталий Сириктің айтуынша, Сұлтанбет сұлтанның жерленген орнына қатысты екі нұсқа бар.

– Оны ежелгі ғұрып бойынша жерлеген деген деректер бар. Тарихи деректерде екі нұсқа кездеседі: бірі – осында, Ертіс өңірінде, екіншісі – Түркістанда, Абылай ханның жанында. Екінші нұсқаны растайтын құжаттық дәлел әзірге жоқ. Біз осында жерленгенін көрсететін материалдарды табудамыз, бірақ нақты орны белгісіз. Түркістанда да іздеуді жалғастыру мүмкіндігі бар. Ежелгі дәстүр бойынша, егер мәйітті алысқа жеткізу қажет болса, оны ағаш кеспекке салып, қолайлы уақытқа дейін ағашта іліп қоятын болған. Мүмкін, осындай жағдай болған шығар, – деді зерттеуші.

Сұлтанбет тұлғасын зерттеумен павлодарлық ғалым көп жылдан бері айналысып келеді. Туған өлке тарихына қызығушылығы бала кезінен басталған, ал шешуші сәттердің бірі әулие Михаил шіркеуінің кілт сақтаушысы Артемий Жданов арқылы қолына түскен көне хат болған.

– Он жылдан астам уақыт бұрын менің досым Артемийге Қамзиндер әулетінің өкілдері – Жұмабек пен Аманжол ағайындылар жүгінді. Оралдан келген туыстары оларға көне хаттың көшірмесін жіберіп, оның Сұлтанбетпен байланысты екенін айтқан. Олар мәтін шіркеулік славян тілінде жазылған деп ойлаған. Бірақ Артемий оның олай емес екенін бірден түсініп, маған көрсетті. Шығыс деректерін зерттеу тәжірибемнің арқасында мен көне хат алмасу ерекшеліктерін жақсы білетінмін. Хатты оқуға бес күн кетті, – деді Виталий Сирик.

Осыдан кейін зерттеуші Орынбор мен Омбы архивтеріне барып, сұлтан өміріне қатысты құжаттарды тапқан. Ең құнды олжалардың қатарында оның резиденциясының сызбалары да бар.

– Сызбаларды тапқан кездегі әсерді сөзбен жеткізу қиын. Ертіс бойында әртүрлі сұлтандарға арнап ондаған үй салынған, бірақ нақты сызбалар тек Сұлтанбеттің усадьбасы бойынша ғана сақталған. Бұл Трояны ашқанмен тең еді, – дейді ол.

Архив деректеріне сәйкес, үй-жайды Екатерина II-нің бұйрығымен алдымен қазіргі Кенжекөл маңында, Ертістің оң жағалауында салынған, кейін сұлтанның өтінішімен сол жағалауға көшірілген. Кейін зерттеушілер оның ықтимал орнын анықтаған. 

Виталий Сириктің айтуынша, Сұлтанбет өз дәуірінің негізгі тұлғаларының бірі болған.

– Мен үшін Сұлтанбет – Абылай хан саясатының сенімді тірегі және біртұтас Қазақ хандығы идеясының қолдаушысы. Қиын саяси жағдайға қарамастан, ол әрдайым бауырының бағытын қолдаған, – дейді зерттеуші.

Жуырда сұлтанның нақты қайтыс болған жылы да анықталды. Ол 1794 жылы 85 жасында дүниеден өткен.

Жылдар бойғы зерттеу барысында Виталий Сирик Сұлтанбет туралы 900-ден астам архив құжатын жинаған. Дегенмен, оның пікірінше, өмірбаянының көптеген беттері әлі де зерттелмеген күйде.

Тағы бір жұмбақ Сұлтанбет пен Абылай ханның туыстық қатынасына байланысты. Бір құжаттарда олар туған ағайындылар деп көрсетілсе, басқаларында немере бауырлар деп жазылған. Бұл сұраққа әзірге нақты жауап табылған жоқ.

Тарихшының айтуынша, мұрағаттарда үлкен деректер қоры әлі толық зерттелмеген. Көптеген құжаттар аударылмаған, сондықтан XVIII ғасырдағы ең ықпалды сұлтандардың бірі туралы жаңа жаңалықтар алдағы уақытта анықталуы мүмкін.