«Қайрат» Канье Уэстің концертіне қатысты мәлімдеме жасады
Алматылық «Қайрат» футбол клубы 14 тамызға Орталық стадионда жоспарланған америкалық рэпер Канье Уэстің концерті клубпен келісілмегенін мәлімдеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Клубтың хабарлауынша, аталған кезеңде команда Қазақстан Премьер-лигасының матчтары мен еурокубок ойындарына дайындалып жатыр. Қазіргі күнтізбеге сәйкес, «Қайрат» Орталық стадионда 8 және 15 тамызда ел чемпионаты аясында үй матчтарын өткізеді. Сонымен қатар 11–13 тамыз аралығында еурокубок аясындағы кездесу осы аренада өтуі мүмкін.
«Қайрат» концерт сияқты ауқымды шараға арналған сахнаны монтаждау және кейін бөлшектеу стадионның табиғи жабыны мен инфрақұрылымына айтарлықтай салмақ түсіретінін атап өтті. Клубтың пікірінше, бұл ресми матчтарға дайындыққа және ойын алаңының сапасына кері әсер етуі ықтимал.
Осыған байланысты клуб Орталық стадионның концерт өтетін орын ретінде жариялануын әзірге ерте деп есептейді. «Қайрат» мұндай ауқымды іс-шаралар футбол күнтізбесін, стадионның жүктемесін және барлық мүдделі тараптардың пікірін ескере отырып келісілгеннен кейін ғана ұйымдастырылуы тиіс екенін мәлімдеді.
Еске салсақ, бұған дейін әлеуметтік желілер мен бірқатар ақпарат көздерінде америкалық музыкант Канье Уэстің (Ye) 14 тамызда Алматыдағы Орталық стадионда концерт өткізетіні туралы ақпарат тараған болатын. Алайда концертті ұйымдастырушылар әзірге ресми түрде толық мәлімет жариялаған жоқ. Ал «Қайрат» клубы концерт өткізу мәселесімен келісім жасалмағанын және стадионның қолжетімділігі туралы соңғы шешім қабылданбағанын мәлімдеп отыр.