Павлодарда ұлттық мұраны цифрлық форматта жаңғыртқан кәсіп дамып келеді
Этнодекор интерактивті технологиямен жаңа тыныс алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыста өткен «Бір ауыл – бір өнім» көрме-байқауында Qazoner Group компаниясы қабырғаға арналған этнодекор бұйымдары мен интерактивті ұлттық жобаларын таныстырды.
Компания директоры Гүлназ Қадырдың айтуынша, кәсіпорын алты жылдан бері қазақтың ұлттық мәдениеті мен құндылықтарын заманауи форматта жаңғыртумен айналысады. Бүгінде ұжым қабырға сағаттарын, картиналар, панно және интерактивті этнодекорлар шығарады. Өнімдер еліміздегі маркетплейстер арқылы сатылып, тапсырыс берушілерге жеткізіледі.

– Біздің негізгі миссиямыз – қазақтың ұлттық мәдениеті мен құндылықтарын заманауи формада жаңғырту. Соның бір мысалы, ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген ортекені қайта жандандыру. Бұрынғы үлгінің негізінде жаңа дизайн жасап, оны интерактивті еттік. Смартфонды ортекеге жақындатқан адам арнайы цифрлық платформаға өтеді. Онда домбыра үйренуге арналған сабақтар, ортекені билететін күйлердің ноталары және тәжірибелі музыканттарға арналған материалдар жинақталған. Алдағы уақытта бұл жобаны шығармашылық орталықпен бірлесіп әрі қарай дамытамыз, – деді Гүлназ Қадыр.
Кәсіпорында өндіріс тиімділігін арттыру үшін Kaizen жүйесі енгізілген. Соның арқасында бұрын бір-екі сағатта дайындалатын киіз үй пішініндегі сағат бүгінде 20–30 минут ішінде жиналады. Компания отбасылық бизнес ретінде жұмыс істейді.
Көрмеге қатысу кәсіпкерлер үшін тәжірибе алмасуға, жаңа серіктестер табуға және жергілікті өндірісті халыққа танытуға мүмкіндік береді. Гүлназ Қадырдың айтуынша, мұндай алаңдар кәсіпкерлердің дүниетанымын кеңейтіп, өңірде өндірілетін өнімдердің әлеуетін көрсетуге ықпал етеді.

Компания басшысы өткен жылы «Қазақстанның үздік тауары» байқауының жеңімпазы атанып, өзге кәсіпкерлермен бірге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескен. Осы кездесуден кейін кәсіпорын жасанды интеллект мүмкіндіктерін бизнеске енгізіп, сату бөлімінің жұмысын қайта ұйымдастырған. Қазір жүйе клиенттерді автоматты түрде саралап, менеджерлерге тиімді жұмыс істеуге көмектеседі.
Сонымен қатар, кәсіпкер бес ай бойы Еуропалық қайта құру және даму банкінің менторы ретінде шағын кәсіп бастап жүрген әйелдерге тегін кеңес берген. Тәжірибемен бөлісу көптеген кәсіпкердің өз ісін дамытуына мүмкіндік жасаған.

Көрмеде ұсынылған бұйымдардың қатарында қазақтың зергерлік өнерінен шабыт алған паннолар да бар. Солардың бірі – құдағи жүзік композициясы. Онда қазақтың отбасылық дәстүрі мен аналық мейірімді бейнелейтін тарихи мағына заманауи көркемдік шешіммен ұсынылған. Компания осындай жобалар арқылы ұлттық мұраны қазіргі қоғамға жаңа форматта жеткізуді мақсат етеді.
Айта кетейік, өңірдің үздік тауар өндірушілері республикалық «Қазақстанның үздік тауары» байқауына қатысуға іріктелген.