Қазақстанда зияткерлік меншік құқығын қорғау күшейтілді
Авторлық құқық объектілерін қолдануға мемлекеттік бақылау енгізіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі Akorda.kz сайтына сілтеме жасап.
ҚР Президенті баспасөз орталығының мәліметінше, 24 қараша күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Бұл заң зияткерлік меншік құқығын қорғауды күшейту мақсатында әзірленген және бірқатар маңызды шараларды қарастырады.
Жаңа заңда көру қабілеті бұзылған адамдардың жарияланған шығармаларды авторлардың рұқсатынсыз және оларға сыйақы төлемей-ақ көпшілік алдында орындауына, таратуына және жалпыға жеткізуіне мүмкіндік беру қарастырылған. Бұл әлеуметтік маңызды норма инклюзивті қоғамды дамытуға бағытталған.
Сонымен қатар, тауар белгілерін тездетіп тіркеу тетігі енгізілді. Қазір тіркеу жеті ай ішінде жүргізіледі, ал заң ақылы түрде тіркеу механизмін іске қосады, соның нәтижесінде уақыт төрт айға дейін қысқарады. Бұл тауар белгілерінің иелеріне өз тауарларын нарыққа тезірек шығаруға жағдай жасайды. Сондай-ақ, тауар белгісін тіркеуге қатысты шағымдану мерзімі бір айдан екі айға дейін ұлғайтылды.
Заң авторлық және сабақтас құқық объектілерін қолдануға мемлекеттік бақылау енгізуді көздейді. Бұл бақылау авторлар мен құқық иелерінің шағымы бойынша әділет органдарының жоспардан тыс тексеруі арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар, ұжымдық құқықтық басқару саласында бірыңғай цифрлық платформа енгізілмек.
Заңның толық мәтіні баспасөзде жарияланады.