Мұз үстіндегі кросс: павлодарлықтар өздерін мұз үстінде сынады
Усолка өзеніндегі жарыс дәстүрге айналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шараға әуесқойлар мен кәсіби спортшылар қатысып, бақтарын сынайды. Соңғы жылдары жарыс Павлодардың әуесқойлар мен ардагерлер арасындағы чемпионаты ретінде өткізіліп келеді.

Ertis Runners қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Болат Ордабаевтың айтуынша, бір айналым 500 метрді құрады, ерлер 12 айналым жүгірді.
– Мұз үстінде жүгіру шеберлік пен белгілі бір техниканы талап етеді. Жағалаудағы мұз жылы ауа райынан ери бастағандықтан, трасса автомобиль көпіріне жақын аумаққа ауыстырылды. Әуесқойлар мен ардагерлер қарлы үйінділерден өтіп, кейде қарды тізеден кешіп жүгіруге мәжбүр болды. Бұл жарыс жолын күрделендірумен қатар, көңіл–күйімізге драйв қосты, – деді Болат Ордабаев.

Жүгірушілер Running Pavlodar клубының мүшесі Қанат Шакуовқа және құтқару станциясының өкілдеріне жарысты ұйымдастыруға қолдау көрсеткендері үшін алғыс білдірді.
Әйелдер төрт шақырым, ерлер алты шақырымдық қашықтықты жүгірді. Барлығы жиырмадан астам адам қатысты.

Қатысушы Владимир Мальков жарыстың оңай болмағанын айтты:
– Жол тайғақ болды, бірақ бұл жарысты қызықты ете түсті. Павлодарда осындай форматты жарыстардың өтуі қуантады. Басқа қалалардағы достарым бізге қызыға қарайды, себебі әуесқойларға арналған жарыстан жетерлік. Өз басым кросс пен ультрамарафонды жақсы көретін спортшы ретінде спорттық шараларды өткізіп алмауға тырысамын, – деді Владимир.
Жарыс нәтижесінде әйелдер арасында жеңімпаздар – Дарья Личенко мен Мадина Абдуллина, ал ерлер арасында Арман Тұрсынов, Айдын Хасенов, Берік Берсенев, Валерий Попошев және Григорий Новиков үздік шықты.
Бұл мұз үстіндегі жарыс спорттың Павлодарда ұрпақтарды біріктіріп, ерекше эмоциялар сыйлайтынын көрсетті.