Олжас Бектенов МӘМС жүйесін жетілдіру бойынша кеңес өткізді

Олжас Бектенов МӘМС жүйесін жетілдіру бойынша кеңес өткізді
Фото: primeminister.kz

Премьер-министр ашықтықты арттыру және қаржының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету мәселелерін қарады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Премьер-министр Олжас Бектенов конституциялық реформа аясында және Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың V отырысында берген тапсырмаларына сәйкес міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша кеңес ұйымдастырды.

Кеңесті ашқан Үкімет басшысы жаңа Конституцияда мемлекеттің негізгі қағидаты ретінде адамға бағдарланған саясат бекітілгенін атап өтті. Бұл барлық шешімдер ең алдымен азаматтарға нақты нәтиже беруі тиіс екенін білдіреді. Оның айтуынша, әлеуметтік саланы, оның ішінде денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту – басым міндеттердің бірі.

Премьер-министр Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда ұлт денсаулығына бөлінетін қаражаттың жымқырылуын негізгі мәселе ретінде атағанын еске салды.

– Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай отырысында ұлт денсаулығына бөлінетін қаражаттың жымқырылуын басты мәселе ретінде атап өтті. Ұлт саулығына бағытталған қаржының жымқырылуы – мүлдем ақылға сыймайтын жағдай, – деді Олжас Бектенов.

Осыған байланысты бірқатар жүйелі шешімдер қабылданып, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Қаржы министрлігінің қарамағына берілді. Бұл шаралар қаржылық бақылауды күшейтіп, жалған есептердің алдын алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар әрбір бюджет қаражаты нақты медициналық қызмет немесе дәрі-дәрмек ретінде азаматтарға жетуі тиіс екені және барлық шығын толық ашық әрі цифрлық ізі болуы керектігі атап өтілді.

Кеңес барысында Қаржы министрі Мәди Такиев МӘМС жүйесі шеңберінде жыл сайын шамамен 3,4 триллион теңге қайта бөлінетінін хабарлап, қаражатты басқаруды жетілдіруге бағытталған заңнамалық түзетулер әзірленгенін баяндады.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» басқарма төрағасы Гүлмира Сабденбек жүйеге жүргізілген талдау нәтижелерін таныстырды. Оның айтуынша, басты мәселелердің бірі – басқару үдерісінің бірізді болмауы және қызмет нәтижесінің пациентке емес, көрсетілген қызмет көлеміне бағдарлануы.

Соңғы 1,5 айда Қор тарапынан бірқатар кешенді шаралар қабылданды. Атап айтқанда, қаржы ағындарын бақылау күшейтіліп, медициналық қызметтерді төлеу тәсілдері қайта қаралды. Негізгі қаржылық өкілеттіктер орталықтандырылып, ұйымдық құрылым оңтайландырылды. Сондай-ақ алаяқтық әрекеттердің алдын алу үшін бақылау жүйесі күшейтіліп, талдамалық мониторингке жасанды интеллект енгізу басталды. Бұдан бөлек, Қор, Денсаулық сақтау және Қаржы министрліктерінің ақпараттық жүйелерін біріктіру жұмыстары жүргізілуде.

Жиында МӘМС 2.0 жаңа моделі таныстырылды. Жаңа тәсіл бойынша Қор тек қаржыландырушы емес, денсаулық сақтау жүйесінің дамуын болжау, талдау және тұрақтылығын қамтамасыз ету функцияларын да атқарады.

Реформаның негізгі бағыттары ретінде актуарлық басқару, тәуекелге негізделген модель, цифрлық антифрод жүйесі және бірыңғай цифрлық архитектура белгіленді. Сонымен қатар Qalqan цифрлық платформасы таныстырылып, қаржыландыру процестерін толық цифрландыру көзделіп отырғаны айтылды.

Сарапшылардың бағалауынша, енгізілетін жаңашылдықтардың экономикалық тиімділігі 200 млрд теңгеден асады. Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-министр ұсынылған тәсілдерді мақұлдап, мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар жүктеді.