Ұлттық құрылтайда айтылған бастамалар павлодарлықтардың көңілінен шықты
Өз пікірімен Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Болат Аманбаев бөлісті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Болат Аманбаевтың айтуынша, Қызылорда қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы ел дамуына серпіліс береді.
– Бүгінгі құрылтайдан жалпы үлкен өзгерістерді күткен едік. Соған куә болдық. Бірінші өзгеріс - парламенттің бірпалаталы болуы. Бұрын қоспалаталы парламент жұмыс істеді. Ең бастысы, барша Алаш жұртының көңілінен шыққан «құрылтай» деп атауының өзгеруі. «Құрылтай» дегенде әр адамның құлағы елең ете қалады. Құрылтай деген сөз - қазақты ұйыстыратын, қазақты біріктіретін жиын, – дейді Болат Аманбаев.
Құрылтай, сонымен қатар, дүйім жұртшылыққа Тәуелсіздік жылдары атқарылған еңбек бейбіт өмірдің жемісі екенін түсіндірді.
– Екіншіден, Президент үлкен тапсырма берді. Мәдени, рухани өмірімізді дамытуға байланысты. Маңғыстау облысындағы жерасты мешіттері ЮНЕСКО халықаралық ұйымның тізіміне енетін болды. Бұл ретте Ертіс өңірі де тарихи орындарға бай. Облыстың көрікті, рухани орындары болашақта өзінің бағасын алып, осындай дәрежелі орынға айналарына сенімдімін, – деді Болат Аманбаев.
Павлодарлықтардың пікірінше, Сыр елінде өткен тарихи жиын елімізде адам капиталы бірінші орында екенін айғақтады. Әр қазақстандық – ел қамқорлығында.