Павлодарлық кәсіпкерлер «Адал азамат» байқауына қатыса алады
Өтінімдер 1 қазанға дейін қабылданады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мәлімдеді.
Байқаудың негізгі мақсаты – Қазақстан кәсіпкерлері арасында бизнесті адал жүргізу қағидаттарын, әлеуметтік жауапкершілікті, ашықтықты, экологиялық белсенділікті, қайырымдылық қызметті және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті насихаттау.
Байқауға кәсіпкерлікпен кемінде үш жыл айналысып жүрген кәсіпкерлер қатыса алады.
Қатысушылар мынадай өлшемдердің біріне немесе бірнешеуіне сәйкес келуі тиіс:
– қоғамдық маңызы бар және экологиялық бастамаларға, оның ішінде «Таза Қазақстан» акциясына қатысуы;
– экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған жобаларды жүзеге асыруы (таза технологияларды пайдалану, тұрақты өндірістік процестерді енгізу, зиянды шығарындыларды азайту, инновациялық шешімдерді қолдану және т.б.);
– табиғи апаттар мен төтенше жағдайлардың (су тасқыны, өрт және басқа да жағдайлар) салдарын жоюға белсенді атсалысуы;
– қайырымдылық және әлеуметтік бастамаларды қолдауы.
Байқау екі негізгі бағыт бойынша өтеді:
– бизнестің экологиялық жауапкершілігі;
– бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі.
Әр бағыт бойынша үш жеңімпаз анықталады.
Өтінімдер 1 қазанға дейін электронды түрде немесе өңірлік кәсіпкерлер палаталары арқылы қағаз нұсқасында қабылданады.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 31 желтоқсаннан кешіктірілмей салтанатты жағдайда өтеді.
«Адал азамат» байқауы кәсіпкерлерге тұрақты даму, адалдық және әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарына бейілдігін танытып, қоғамның қолдауы мен мойындауына ие болуға мүмкіндік береді.