Әжелер қауымы павлодарлықтарға ұлттық қолөнерден тегін шеберлік сағатын өткізеді
Ақ жаулықты аналар Ұлыстың ұлы күніне орай жас ұрпаққа қазақтың ұмытылмас мұрасын дәріптемек, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі
Атамекен кентіндегі «Алтын оймақ» бірлестігінің мүшелері «Ұмытылмас мұра» жобасы аясында ерекше іс-шара жоспарлап отыр.
Қоғамдық бірлестік басшысы Ғалия Сұңғатованың айтуынша, бір жылға жуық уақыт ішінде жоба 200-ден астам адамның басын біріктірген.
- Балабақша бүлдіршіндерінен бастап қарияларға дейін қазақтың халық шығармашылығын меңгеріп, ұлттық киім элементтерін тігуді үйреніп жүр. Оның ішінде тақия тігу әдістері, ою ою, түрлі маталармен жұмыс бағыттары бар. Мақсатымыз - қазақ халқының қазынасын әр адамның күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналдыру, - дейді «Алтын оймақ Атамекен» қоғамдық бірлестігінің басшысы Ғалия Сұңғатова.
Еске сала кетейік, ұйым басшысы Ғалия Сұңғатованың еңбегі халықаралық деңгейде жоғары бағаланған. Ол өзі сияқты шеберлермен бірге Азия мен Африка елдері арасындағы қолөнер шеберлігі бойынша Әлемдік рекордтар кітабына еніп, арнайы күміс төсбелгімен марапатталған.
Қазіргі таңда павлодарлық ісмер алтын төсбелгіге басты үміткерлердің бірі болып отыр.
Айшабибі Алтынбек