Павлодарлық қобызшы республикалық олимпиадада жүлде алды
Олимпиадаға 60 өнерпаз қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында «Баян және аккордеон», «Қыл қобыз», «Бас қобыз және альт қобыз», «Прима қобыз» номинациялары бойынша ХVI республикалық кіші олимпиаданың жеңімпаздарын жариялады.
Олимпиаданың мақсаты – дәстүрлі музыка өнері мамандығы бойынша оқитын мамандандырылған музыка мектеп оқушылары мен музыкалық колледж студенттерінің кәсіби деңгейін шыңдау барысында бағдарламада берілген шығармаларды прима қобыз, қыл қобыз, альт қобыз бен бас қобыз, баян және аккордеон аспаптарында нақышына келтіре отырып орындау, насихаттау және шеберліктерін таныту болып табылады.
Павлодар қаласынан олимпиадаға Айым Мэлс қатысты. Ол «Прима қобыз» номинациясы бойынша үшінші дәрежелі дипломды иеленіп келді.
- Айым ынталы және белсенді студент және оқу озаты. Сонымен қатар, әлеуметтік жобаларға да қатысады, МК-МК жастар қозғалысының көшбасшысы. Осы оқу жылында облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі оннан астам байқаулардың жеңімпазы атанды, - дейді музыкалық колледж басшысының орынбасары Айнұр Қарашина.
Прима қобыз – заманның талабына сай оркестрге лайықталып жасалған аспап. Оны белгілі музыка зерттеушісі, академик Ахмет Жұбанов алғаш ұлт аспаптар оркестрін құрған кезде скрипка сынды жоғары дыбысты аспап қажет болғандықтан, ойлап шығарған. Оның ішегі қылдан емес, сымнан жасалады.
- Қай уақытта болмасын прима-қобызда ойнап үйрену оңай болған емес. Бірінші кезекте оған аспаптың табиғи құрылысы мен ойнау әдістері себеп, - дейді Айнұр Қарашина.
Оның айтуынша, аспапты тізеге тіреп, оң қолдың ысқыш жүргізудегі шеберлігі, сол қол саусақтарының емін-еркін орналасуы сияқты өзіне тән ойнау ерекшеліктері мен қиыншылықтары мықты музыкалық қабілеттен бастап арнайы бейім мен қажырлы еңбекті, берік төзімділікті талап етеді. Сол себептен де ертеден қобыз аспабында бәрі ойнай бермеген.
Айта кетейік, аталмыш іс-шараға Қазақстанның әр өңірінен мамандандырылған мектептер мен музыкалық колледждер қатысты.