Павлодарлық ақынға «Бірлік» медалі табыс етілді
«Достық» үйінде өткен «Жігіт сұлтаны» байқауында жергілікті ақын Константин Лунинға шапан жабылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шара барысында өз өлеңдерін оқып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген қаламгер «Я – казах и я этим горжусь» деп атап өтті. Оқырмандардың көбі оны «Дала ақыны» деген атпен таниды.
Облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы бастығының міндетін атқарушы Айнұр Раисова жерлес ақынның әдебиет саласына қосқан үлесін атап өтіп, «Бірлік» медалін табыс етті.
– Константин Лунин павлодарлық париот ақын десем артық етпес. Себебі, ақынның көптеген өлеңі Отан, тіл, батырлар тақырыбына арналған. Бүгін осы «Жігіт сұлтаны – 2023» байқауы барысында Қазақстан халқы Ассамлеясының қоғамдық «Бірлік» медалімен марапаттауды жөн көрдік. Мұндай азаматтарға құрмет көрсетуге міндеттіміз, – деді Айнұр Раисова.
Константин Васильевич Лунин 1944 жылы 15 мамырда Павлодар қаласында дүниеге келген. Мамандығы бойынша инженер, «Минтракторсельхозмаш» жобалау институтында бас конструктор болып 20 жылдан аса жұмыс істеді. Өлең жазумен балалық шағынан айналысады. 14 жасар жасөспірімнің өлеңдеріне Павел Васильев атындағы әдебиет бірлестігінің төрағасы болған Сергей Музалевский жағымды пікір айтқан. Алғашқы өлеңдері «Строитель» газетінде тілші қызметін атқарған Жаңаталап Нүркеновтің қолдауымен басылды.
1991 жылы К. Луниннің «Ступеньки» атты алғашқы кітабы басылып шықты, 1997 жылы «Исповедь» атты екінші кітабы, 2000 жылы - «Перемены», 2002 – «Исповедь», 2004 – «Радиостанция души», 2005 – «Солдаты Родины», 2007 – «Сказание о Козы Корпеше и Баян Сулу», 2008 – «Цветы на асфальте», ал 2010 – «Исповедь перед Временем» жарық көрді. Өлеңдері жергілікті газеттерде жиі басылады.