Қара жорғаға ғашық болған «қазақтың сары баласы» Павлодарда өнерін қалай жетілдірді?
Ол бірнеше жыл бұрын халық билерінің әлемін ашты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Филипп Валов пен Ульяна Белоградованың «Грация» би дуэті өңір тұрғындарына танымал. Мың бұралған жастардың өнері жұртшылықты тәнті етуде.

Үш жыл бұрын Филипп жаңа бағытқа қадам басты. Ол – қазақ халық билері.
– Мен – табиғатымнан спорттық бал бағытындағы бишімін, бірақ классикалық хореографиямен айналысуды армандадым, – дейді Филипп.
Бірнеше жыл бұрын Филипп «Нұр» ансамблінің әртісі Натальяға сабақ берген. Кейін биші қыз оның жарына айналды. Наталья бал стиліндегі вальсті үйренгісі келген еді.
– Күндердің күнінде «Нұр» ұжымына келіп, классикалық бимен айналысқым келді. Ансамбльдің жетекшісіне хабарласып, ниетімді жеткіздім. Кейін Айгүл Дайырбаева ұжымда қалуды ұсынды. Осылайша, менің өмірімде классика мен бал бағытынан бөлек халық билері пайда болды. Мен үшін жаңа шығармашылық әлем ашылды, – деп еске алады биші.

Сол сәттен бастап Филипп жаттыға бастап, халық билерінің қыр-сырын меңгере бастады.
– Қазақ халық билері менің өмірімде ерекше орын алады. Онда қазақ халқының менталитеті, тарихы мен терең мәдениеті көрініс тапқан. Мектеп қабырғасында халық хореографиясына келемін деп ойламаппын. Десе де, қазақ өнеріне жолым әлдеқайда ерте басталды. Павлодардағы дарынды балаларға арналған №3 гимназиясында қазақ тілін тереңдетіп оқи бастадым. Сол кезде тіл арқылы халық өнеріне аяқ басатынымды кім белген, – дейді биші.
Мектеп жылдарында Филипп қазақ тілінен өткен облыстық олимпиадаларда қола жүлдеге ие болып, қазақ халқының мәдениетімен байланысын сөз, тіл арқылы нығайта бастады.
Арада жылдар өтіп, ел чемпионатында спорттық бал би бойынша бірнеше мәрте күміс жүлдегер атанған жас жігіт күтпеген жерден халық биінің әлеміне бойлай бастады.
– Бәрі кездейсоқ емес екенін сонда ғана түсіндім. Жастайымнан үйренген тіл мен мәдениет мені қазақ биін тек техникамен емес, жүрекпен сезінуге дайындаған екен. Жолым дәл осылай түскеніне шексіз қуаныштымын, – дейді Филипп.
Ансамбльдің репертуарында көптеген қазақ билері бар: аралас та, жеке ерлер мен әйелдерге арналған нөмірлер де жетерлік.
– Спорттық би бөлек шығармашылық. Қазақ билеріне келгенде барлығын қайтадан бастауға тура келді. Өйткені менің бойымнан жылдар бойы қалыптасқан балдық мәнер үнемі көрініп қалатын, – дейді Филипп.

Филипптің өмірінде ерекше орын алатын би – «Қара Жорға». Себебі, ол әрқашан мереке мен қуаныш сыйлайд.
– Дәл осы себептен тойларға барғанда қонақтар «Қара Жорғаны» орындап беруді жиі сұрайды. Қазақ тойлары біз үшін жай ғана өнер емес. Бұл – ерекше атмосфера: жылы, шынайы, адамдардың тірі энергиясына және үлкен отбасылық кездесулердің қуанышына толы. Біз би билегенде, павлодарлықтардың отбасылық мерекесінің бір бөлшегіне айналып кетеміз, – дейді биші.
Филипп қазақ тойларына үйреніп кеткені соншалық, өзін «қозғанмын» деп атай бастаған. Бүгінде бұл – шығармашылық лақап ат емес, бишінің мінезі мен халық өнеріне деген ықыласының бір көрінісі.