Павлодарда хор ұжымдары Чайковский пен Моцарттың әндерін орындап, байқауға түсті
Жүлдегерлер грамоталармен марапатталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар қаласының балалар музыка мектебінде жеке ән айту бөлімшесінің хор ұжымдары мен солистерінің жыл сайынғы дәстүрлі «Алтын бұлақ» фестиваль-конкурсы өтті. Мақсаты – дарынды балаларды қолдау және дамыту, балалар хор әні, вокал өнері дәстүрлерін сақтау. Мектеп сахнасында 7 - 16 жас аралығындағы 280-нен астам қатысушы, тоғыз хор ұжымы, «Bright», «Бақыт», «Сұлулық», «Sunrise» вокалдық ансамбльдер өнер көрсетті.
Хор ұжымдары Пётр Чайковскийдің музыкасына «Ескі француз әні», Георгий Струвенің музыкасы «Ноталық доп», В. Моцарттың әуеніне жазылған «Та-ба-да-ба-да», Павел Мелиховтың музыкасына «Хампти-дампти», Вольфганг Моцарттың музыкасына «Donanobis pacem» жазылған әндерді орындады.
Құрамында 7 – 9, 10 – 12, 13 –16 жастағы 33 вокалистер «Академиялық вокал» және «Эстрадалық вокал» номинацияларында жарысты.
– Байқауға қатысушылардың қойылымдары дыбыстың жақсы жеткізілуімен, әртістігімен, түрлі жанрлы және әртүрлі сипаттағы музыкалық шығармаларды эмоционалды түрде ұсына білуімен есте қалды. Вокалист-сайыскерлер өздерінің шығармашылық әлеуетін толық көрсете отырып, дайындықтың жоғары деңгейін дәлелдеді, – дейді мектеп басшысының орынбасары Нұрлан Қайшанов.
Байқау қорытындысы бойынша қатысушылар 29 жүлделі орынға ие болды. Бас жүлдені 10 жастағы Ева Ландарь Алексей Олханскийдің музыкасына жазылған «Аспан әрқашан біз үшін» әнін орындағаны үшін алды. I орынды – 8 қатысушы, II орынды - 7, ал III орынды – 13 қатысушы иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер мектеп грамоталарымен марапатталды.